Будь умным!


У вас вопросы?
У нас ответы:) SamZan.ru

~~рпын салтд~ст~рін тыныстіршілігін т

Работа добавлена на сайт samzan.ru: 2016-03-30

Бесплатно
Узнать стоимость работы
Рассчитаем за 1 минуту, онлайн

ТӨРҮКТІҢ ИЕСІ – КӨКБӨРІНІҢ КИЕСІ

 “Ұлыт → ұлт” сөзінің шығу тегі

“Ұл[ы]т” сөзінің шығу тегі туралы зерттеушілер еңбектерінде дерек мардымсыз деуге болады. Ғылыми ортада бұл ұғымды еуроцентристік көзқарастағы ғалымдардың пайымдауынша, ХХ ғасырдың басындағы Ресейдегі әлеуметтік халықтық толқулардың нәтижесінде пайда болды дейтін бейдауа пікірдің үстемдігі аңғарылады. Асылы, сөз ұғымды ғана білдіріп қоймайды, сол тілді тұтынып, сөйлейтін жұрттың дүниетанымын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, тыныс-тіршілігін, т.т. белгілерін қамтитын қыр-сыры көп өте күрделі феномен.

Ұлт – қазақ этносының қалыптасуы мен дамуы жолындағы шешуші тілдік фактор. Елдің ең қымбат қазынасы осы этномәдени лексемалардың тарихи уақыт сынынан өтіп, бүгінгі дәуірге жетуі әсте оңай болған жоқ. Бұл тарихи адыммен соншалықты ұзақ мерзім демесек те, адамзат ғұмырымен салыстырғанда едәуір уақыт кеңістігін алатұғын аралық өлшем екені рас. Он томдық “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде” ұлт сөзіне “Тіл, территория, экономикалық өмір тұтастығы негізінде және психологиялық мінез-құлықтың ортақтығы негізінде қалыптасқан адамдардың тарихи әлеуметтік, этникалық тұтастығы” (А.: Ғылым, 1986, 9 том, 475-бет) деген сипаттама берілген. Анықтаманың түсіндірме сөздікте стилдік шұбалаңқылығы біз ерекшелеген сөз қайталаудан көзге қораш көрінеді. Ақиқатын айтар болсақ, бұл өзге тілдегі түсіндірме сөздіктерге тән үлгі қалыпты бұлжытпай қайталап, дәлме-дәл көшіріп аударғандай әсер қалдырады. Мәселен, орыс тіліндегі “народ” (Владимир Даль. Толковый словарь живого великорусского языка. Т. ІІ. М., 1955. С. 461) сөзіне берілген сипаттамамен әлгі қазақ тіліндегі нұсқасының егіздің сыңарындай ұқсастығы көшірінділіктің айғағы демеске шара жоқ. Ең бастысы, лексикалық атаудың мағыналық шығу тегіне байланысты ғылыми әдебиеттерде ешбір дерек кездеспейді.

 Көшпелі елді қоршаған сыртқы күштердің әсерінен төлтума қоғамдық-саяси атаулардың тілдік қолданыстағы белсенділігінен айырылуы мен жұмсалу аясы шектелген тұсы да болды. Алайда, қазақ зиялылары қай дәуірде де тіл тазалығы мен мәдениетіне ерекше көңіл аударып, жанын салып күресіп бақты. Әсіресе, жазба дәстүрдің қайта жанданып, төл мерзімді баспасөздің тарала бастауымен қатар ғасырлар бойы санада орныққан сыртқы саяси-әлеуметтік үстемдіктің салқыны ана тілінің шұбарлануы мен жөнсіз ластануына қарсы тосқауыл жасамасқа лажы болмады. Сондықтан тұңғыш жарық көрген “Айқап” журналының (1911–1915 ж.) бетінде араб тілінен енген милләт пен ұлыт сөзі жарыса қолданылып, дүйім жұрттың таңдауы көбірек ауған нұсқасы лексикалық қордан берік орын алды. Егер, мысалға жүгінер болсақ, “... һәм сол халыққа пайдалы жолдан шықбай ұлыт жұмысына жұмылуда дауам етсін!..” (“Айқап”, 1913, №19, 403-б.), – деген сөйлемде ұлыт атауы бастапқы лексикалық тұлғасында жұмсалған. Бұл емлелік заңдылық Мағжан Жұмабайұлы орыс тілінен аударып, араб графикасында 1926 жылы Мәскеуде басылған Нәзір Төреқұлұлының “Ұлыт мәселесі мен мектеб” атты еңбегінде сол қалпында сақталған.

Халел Досмұхамедұлы қазақ тіліндегі сингармонизм заңы бойынша: “Қазақтың түбір сөзінде екі дауыссыз дыбыс көршілес қатар тұрмайды, өнемейін арасында дауысты дыбыс тұрмақшы, қазақ сөзінде екі дауыссыз дыбыс көршілес қатар тұрса, онда сөздің екі сөзден құралғанын я сөздің ішінде жалғаудың барлығын көрсетеді, – деп пайымдап, “Сананың” бірінші санында емле қағидасы туралы жазғанда Ф.Ғ. ұлыт (ел), ұлыт (итті), жылыт (көріну), жылыт (ысыту) секілді үлгілер көрсетіп, бұлардың әрқайсысы әр түрлі айтылады, бұларды жазғанда мағынасын айыру қиын, сондықтан бітеу буында “ы” (“і”) дыбысын қалдырмай жазу керек дейді. Жоғарғы көрсетілген сөздердің бәрінде де “ы” дыбысы бар, бірақ сөзде бұл дыбыс ұзындау айтылады, біреулерінде  қысқалау айтылады...

Бірқатар сөздерде дауыссыз дыбыстың арасындағы дауысты дыбыс жоқ секілді болып көрінуі де “ы” дыбысының өте шолақтанып, қысқа айтылуынан болса керек” (Досмұхамедұлы Х. Аламан. – Алматы: Ана тілі, 1991, 98-б.), – деген қорытынды жасайды. Демек, ұлыт дегендегі “ы” дыбысы бір әліпбиден екіншісіне көшу барысындағы реформалық өзгерістің құрбаны болған, бірақ бүгінгі емлелік ережеге сәйкес “ы” дыбысы жазылмаса да имплицитті түрде сақталғаны ғылыми еңбектерде ескертілмеген. Жалпы, төрүк тілдес ұлт пен ұлыс ішіндегі қазақ, қарақалпақ, қырғыздан басқалары семиттің милләт сөзін тұтынатыны баршаға мәлім.

Енді осы ұл[ы]т сөзінің номинативті мағынасы нені білдіреді, әңгіме желісін соған қарай бұралық. Кез келген этностың ана тілі – тарихи бірігу, қалыптасу жолындағы нәсілдік сенім-нанымының, таным-талғамының, ырым-сырымының, әдет-ғұрпының, салт-дәстүрінің, тұрмыс-тіршілігінің материалдық нақты көрсеткіші. Тілі арқылы сол ұлт пен ұлыстың ақыл-ой өресі мен даналық қабілет-қарымын, мәдени-рухани күш-қуатын зерделеп, ұғынудың мол мүмкіндігі бар. Ұл[ы]т сөзінің төркінін анықтау үшін мәселені осы тұрғыдан кешенді, этностың болмыс табиғатымен тұтас қарастырғанда ғана диалектикалық жағынан жан-жақты қыры ашылады. Бұл орайда адамзат қоғамының сапалық даму сатысына байланысты жазу үлгісінің жетілуі мен өзгеруі сөйлеу тіліне, сөздік қорға әжептәуір ықпалын тигізді. Әсіресе, төрүктектес ұлт пен ұлыстардың төлтума бағзы руникалық жазуымен бүгінгі қолданыстағы алфавиті арасында графикалық қаншалықты жер мен көктей айырмашылық болса, соншалықты дыбыстық жүйесі мен ерекшелігінде, лексикалық құрамы мен сөйлем құрылысының конструкциясында елеулі ауытқушылықтың бары белгілі. Осының бәрінің себеп-салдарын, құбылу заңдылықтарын ежелгі төрүк руна жазуын терең игермей тұрып, салыстырмалы түрде ғылыми зердеден өткізу мүлдем бекершілік. Демек, байырғы бітіктастардағы ескерткіштердің құндылығы сол дәуірдегі ұлыстық дүниетаным мен наным-сенімнің қаймағы бұзылмаған күйінде сақталып, бүгінгі күнге жетуінде. Бәлкім, тасқа бәдізделген бұл ұлттық мұрамыз болмаса, сырттан тон пішкен жат пиғылдағы шет жұрттық ғалымдардың қазақтың этникалық жаратылуын жыл санауымыздың XV ғасырымен байланыстырған “ғылыми қақпаны” еріксіз “өмірлік шындыққа айналып”, құрылған жалған тұжырым ата-бабадан қалған қымбат қазынамыз – ұлан-байтақ жерімізге аяқ астынан “иелік етушілердің де” табылмасына кім кепіл?! Бұл қауіптің әлі де сейілмегендігі отандық қоғамтанушы ғалымдарымыздың өзгенің ғылыми әдістемелік құрған торынан шыға алмай, жоқтан өзгені дәлелдемек боп далақтаумен жүргені өкінішті. Сондықтан, мәңгі тасқа тоқылған бағзы ескерткіштің баға жетпес құндылығы – ұлттың тарихи болмыс-бітімін, бет-бағдарын айқындау қадыр-қасиетінде, мемлекеттік стратегиялық маңыздылығында.  

Сонымен, “ұл[ы]т” атауының әр дәуірдегі тарихи еңбектер тіліндегі жұмсалуы біркелкі еместігіне көз жеткіземіз. Керісінше, ұлыс синонимдік сыңарының ежелгі тасқа жазылған ескерткіштерден бастап кең қолданысқа түскені аян. Солай бола тұра, тілтанушы оқымыстылар ұлыс сөзінің түп-төркінін семантикалық мағынасына қарай талдауды мақсат тұтпай-ақ, бұрыннан үйреншікті әдістемелік дағды бойынша салыстырмалы тілдік деректерге сүйеніп, төрүк-монғол тілдеріне ортақ “көне сөз” деген таптаурын қорытынды жасайды. “Ұлыс – қазіргі тува, алтай тілдерінде “халық” мағынасында жұмсалады; монғолша улс – мемлекет, ел, үкімет, халық, адамдар, династия. Мысалы, Монғол улс – Монғолия. Бұл тілде ұлыс “ірі ру, орда” ұғымында да қолданылған. Көне түркі ескерткіштерінде “халық” деген сөздің орнына ұлыс сөзі қолданылғанын байқаймыз. Орта Азия әдеби тілінде бұл шығармалар жөнінен жазылған сөздіктерде, “Бабур-намада” – бәрінде де ұлыс сөзі “халық” мағынасында қолданылады. Навоидың парсы тілінде жазылған өлеңдеріне байланысты “халық” сөзін (бұл араб сөзі) ол туралы сөздік жасаушылар “ұлыс” деп аударады. Демек, бұл өте ерте кездерден бастап түркі-монғол тілдерінде “халық” мағынасында қолданылып келген көне сөз”. І.К. және Ж.Б. (Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі. А., Ғылым, 1966, 202-бет). Әлбетте, сөз тарихына мұндай жеңіл-желпі, атүсті сипаттама бере салу кәсіби лингвистке абырой әпермейді. Қазақ ғалымдары төлтума негізгі қазық сөздердің түп-төркінін морфологиялық жағынан талдап, семалық мағынасын анықтаудың орнына бастарын қатырмайтын ең оңай жолы “өзге тілден енген” деуге бейім тұрады. Зады, бұл қазақтанушылардың, төрүктанушылардың көзқарас танымындағы осалдығы, ұзақ мерзім үстемдік еткен отаршыл идеологияның сана-зердеге, ақыл-ой әлеміне шым-шымдап сіңіп, қалып қойған кеселі.

Ғалымдар дәйек орнына жүретін ілкі тарихи құжатқа сүйенгенде, әлбетте, тасқа бейнеленген таңбалар мен суреттерге, жазба деректерге жүгінуі заңдылық. Бұл ретте ежелгі төрүк руна тасбітіктерінің ақпараттық маңызы өте зор екендігі ойланған жанға түсіндіруді қажет етпейді. Алғашқы есті адамдар ойын тасқа, ағашқа бедерлеп заттандырып, айнада кескінделгендей бейнеледі, сол арқылы алдына қойған бағыт-бағдарын айқындады. Жер бетіндегі қоғамдық ойды қаттау негізі тау-тастардағы сызылған таңбалар мен пиктографиялардан, идеограммалар мен эпиграфикалардан, руникалық жазу үлгісінен бастау алады. Бұл кең құлашты, кемелденген суреткердің іргелі де күрделі шығармасы туар алдындағы толғанысын қағаз бетіне алғаш түсірген штрихтар сияқты көшпелі бағзы төрүктердің жасампаздығына тән маңызды белгілер. Туған елінің ежелгі тарихын сомдайтын зерттеуші сол дәуірдің қоғамдық ойын бәдіздеген графика тілін игермесе, уақыт кеңістігіндегі этностың тыныс-тіршілігіне қатысты жұмбақ сырларын аша алмасы хақ. Міне, қоғамдық ғылым саласындағы біздің бірсыпыра оқымыстылардың осы дәрменсіздігі мен шарасыздығы ұлттық тарихи танымымыздың көкжиегін кеңейтіп, жарқыратып көрсетіп беруге басты кедергі болып отыр. Төлтума төрүк руна жазуының орфографиялық ереже, қағидаларын дұрыс меңгермегендіктен бүгінге жеткен сирек жәдігерлердің ақпараттық маңызы толық ашылып, ғылыми айналысқа түгелдей дерлік түскен жоқ. Тасбітіктердегі соқталы-соқталы ескерткіштердің мәтіні бүтіндей транскрипцияланып, түпнұсқа бойынша дәлме-дәл оқылды деуге әзірге ертелеу. Өйткені, жарияланған еңбектердегі олқылықтар мен ауытқулар осындай түйін жасауымызға негіз. Әсіресе, руникалық қазынамыздың мәдени жас шамасын нақпа-нақ анықтау мен мәтінін қате қисындап, жасанды бұрмалау төрүктану ғылымында жиі кездеседі. Мәселен, мәлім болған руникалық жазба мұрамызды хронологиялық тәртіппен түзгенде Есіктен табылған Алтын Адам жанындағы күміс тостаған мен Талас ескерткіштерін бұған дейін оқыған ғалымдар әрқайсысы өзінше байлам жасап, түрліше баяндауы осының айғағы. Демек, бұл әрекет ғылыми зерттеуден гөрі жазба ескерткіштердегі тарихи ақпаратты мақсатты түрде жоғалтумен пара-пар. Осы тұрғыдан келгенде аталған баға жетпес рухани игілігімізді ғылыми жаңаша оқылуын жаңғыртқан Тайжан Досановтың сіңірген еңбегі еленуге тұрарлық. Ол Таластан табылған үшінші тасбітіктегі мәтінді оқу барысында “усын улыты”, яғни “усын мемлекеті” деген сөз тіркесін қалпына келтірді. Бұл лексема бағзы төрүк руникалық ескерткіштерінде бірінші рет кездесіп, ұл[ы]т тарихының терең қабатын зерделеу үшін мәні ерекше. Рунологтың тұжырымдауынша, улыт” сөзі “улу+ит” екі бөліктен құралып, “ұлыған ит, яки бөріні”, ауыспалы мағынада “қасқырлар үйірі” я “қасқырлар қоғамдастығы” немесе “ұялы қасқыр” дегенді білдіреді. Осыған орай оның шығу тегі бөрімен байланысты болуы тиіс” (Досанов Т.С. Этюды по памятникам письменности древних усуней. А., “Жалын баспасы” ЖШС, 2002. С. 60).

Қазақ “Бөрі жоқ деме – бөрік астында” деп еріккеннен мақалдамайды. Олжас Сүлейменов “Ғұндар бастарына киген киімін бөрі тайпасының белгісі ретінде қасқыр терісінен тікті. Содан бері төрүктерде кез келген теріден жасалған бас киімді – бөрік дейді” (Язык письма. А.-Рим, 1998. С. 468), – деп пайымдайды. Біздіңше, бөрінің терісінен аяққа киетін киім тікпей, бас киім тіккенінің өзі оған аса құрмет көрсеткенінің белгісі. Бұл – төрүктердің бөріні киесі санағандықтан, ардақтап төбесіне шығарудан қалыптасқан ғұрыптық бас киім. Бөрік – климаттық жағдайға сәйкес жарасымды әрі сәнді тігілетін бас киім. Сонымен бірге бөрікте ой ойлайтын есті пенденің ақыл тұнған қасиетті ми сауытын сырт көздің сұғынан қорғап, көрінбейтін теріс күштерден күзететін Бөрі-Атаның рухы бар деп ырымдаған. Қадым заманнан жеткен “Татсыз төрүк болмас, бассыз бөрік болмас” деп мәтелдеудің сыры да осыған саяды. Тат деп көшпелі төрүктердің жайлы мекен, құтты қонысы үшін сыртқы жауларымен арадағы шайқаста жат жұрттан қолға түскен тұтқындар мен түрлі себептермен ел ішіне сіңген бөгде кірмелерді атаған. Демек, бөрік кигеннің бөрі ұрпағы санатына қосылатындығының белгісі. Бөрі болу – бейнелі тілмен айтқанда, қашанда алысып-жұлысуға  сақадай сай, қарсылас жауына демде тойтарыс беруге дайын жортуылшыл жауынгерге лайық қасиет. “Басыңдағы бөрік пе, орамал ма?” дегенде “бөріктінің бөрі мінезі қайда?” деген емеурінді жазбай білдіріп тұр. “Бөріктінің намысы бір” деудің мәні де дәп осында.

Қазақта қасқыр терісінен тігілген бөрік, ішік, тұлыпты жастарға киюге рұқсат етпеген. Өйткені жас адам кисе, өз қызуын жояды, құрт ауруына ұшыраиды деп есептеген. Бұл арада “құрт” сөзі табуланған бөріні білдіреді. Демек, бөрі ауруына ұшыратады деп, қанындағы көкбөрінің мінезі оянып кетуінен қауіптенген. Қазақ даласын кезіп, шиырлай аралаған төрүктанушы ғалым В.В.Радлов ел ауызынан “Қасқыр, қазақ және орыс-казак – үш ағайын” (“Волк, казах[к] и руский казак – три брата”) (Из Сибири. М., 1989 г. С. 248), – деген мәтелді жазып алған. Бұл “туыстықтың” сыры – үшеуінің (қасқыр, қазақ және орыс-казак) табиғатына тән мінез-құлық, стихиясының жақындығына байланысты айтылған. VIIІ ғасырдағы Күлтегіннің құрметіне қойылған эпитафиялық ескерткіштің жоғарғы екі жағынан салбыраған қос бөрінің басы бейнеленуі немесе Бұғұты тасбітігінің ұшар басында баланы емізген ұрғашы қасқыр кейіпінің мүсінделуі тотемдік сенімге орай жаратушысын төбесіне көтеріп, ұлықтаудан туған идея еді. Қазақ тіліндегі “тас төбесіне көтеру” тұрақты тіркесінің қалыптасуы, сол заманның салтынан жеткен реликт. Шетсіз-шексіз жапан далада жел ұшырған қаңбақтай қарсы ұшырасқан салт атты бейтаныс жолаушылар бір-біріне:

– Жортқанда жолың болсын! – деп тіл қатады. Бұл көшпелі қазақтың үнемі жортуылда жүргенінің айғағы. Осы тілектестікпен аман-есендік жөн сұрасу этикетінің өзінде сайын даланың қожасына тән менмендік, өрлік, өжеттік, жүрек жұтқан ерлікке шақыратын рух қуаты тұр. Өйткені киіз туырлықты көшпелілердің ес білгеннен құлағы үйренген тәрбиелік өнегесі “Ер азығы мен бөрі азығы жолда” деп өсетін. Демек, жолға шығу – “қасқырды асырайтын аяғы”, жігіттің қанжығасы қанданып, несібе ырыздығын айыратын қара қазанның қамы. Тәкәппар табиғатпен бетпе-бет жеке-дара сынға түсіп, есесін жібермей олжалы қайту ердің еріне ғана біткен ерендік. Ал, ауыл-аймақтан ұзап, қарыс жерге қия баспаған жанды далалық дүниетаным “үй күшік” деп жазғырды. Көшпелі қоғамның қатаң тіршілік үрдісі – қыр түлегін аттың жалы, түйенің қомында шынығып, ширауына, ақылы мен ептілігі, жүректілігі мен қайсарлығы, қаһармандығы мен табандылығы шыңдалып өсуін талап етті. Түз тағысындай табиғи емін-еркін, бұла өскен көшпелі қазақтарды орыстың, Еуропаның жиһанкездері XVI–XIX ғасырларда жазған еңбектерінде әуелде “тағы, жабайы” деп әсерлі, образды бейнелеген болса, кейін саяси мүддесіне сәйкес “туземцы, варвары” сөздері жағымсыз, кемсіту мағынасында қалыптасты.   

Ұлттың болмыс-бітімі мен мінез-құлқы, наным-сенімі мен таным-түсінігі өзіне лайық қалыптасуына негіз болды. Кез келген халықтың қоршаған табиғи ортасы мен айналысқан кәсіби шаруашылығына, арман аңсары мен мұрат-мақсатына байланысты әлеуметтік-эстетикалық, моральдық-этикалық тәлім-тәрбиесі ұлттық ойын-сауығынан көрініс табады. Бұл тұрғыда көшпелілердің көкпар (көкбөрі) тарту ұлттық ойыны – жігітті төзімділікке, шапшаңдыққа, ат үстінде айқасуға шынықтыратын, табандылыққа баулитын, күш-қайратты сынайтын нағыз мықтылардың сайысы. Қазақта әлі күнге дейін ұнатып қалған аруын қалыңдығы ретінде жігіттің алып қашу ғұрпы сақталған. Басқа төрүк тектес халықтардан гөрі қыз алып қашу негізінен қазақтар арасында жиі кездеседі. Өйткені осы ғұрыптан маң даланың тағы бөрісіне ғана тән “берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан” деген қанына сіңген менмендік, өктемдік, өз дегені болмаса көнбейтін қайсар мінез-құлық айқын аңғарылады. “Всемирная Иллюстрация” журналының 1875 жылғы №354 санында “Қыз-бөрі”–“Волк-Дева” аталатын қазақтың ұлттық ойыны туралы жазылған. Ойынның талабы бойынша, ер жігіт астына мінген атымен көкбөрінің ұрпағын жалғастыратын қалыңдығын, яки Қызбөріні иемдену үшін ақылы мен қайраты, күші мен төзімі, табандылығы мен ептілігі арқылы қауіп пен қатерге толы сынақтан сүрінбей өтіп, алып қашуы шарт. Тіліміздегі “Біреу қыз алып қашады, біреу қызығына қашады” деген фразеологиялық тіркесте осы дәуірдің шындығы сақталған. Көшпелі тұрмыс тауқыметі ғасырлар бойы қалыптастырған үрдіс пен дүниетаным өмірдің моральдық-этикалық жүйесіне із-бедерін қалдыруы заңды құбылыс. Қоғамдық тәртіп салт-дәстүрге бағындырылған заманда жігіт ұнатқан ғашығын, болашақ сүйген жарын атқа өңгеріп, ебін тауып алып қашу серіліктің, теңдессіз ерліктің белгісіндей саналды. Қасқырдан жаратылу мифтік сюжеті төрүктердің наным-сеніміне ұялағаны сондай, өнеге-үлгілік күллі өмірлік дағдысы мен амал-айласы тотемдік ататегіне еліктеуден туған. Сондықтан дүниеге сәби келгеннен бастап орындалатын ырым-сырым, әдет-ғұрып еркіндік пен қайсарлықтың, мәрттік пен өжеттіктің ұрығын санаға егуге арналады. Құрсақ көтерген кейбір аналардың қасқырдың жүрегіне, бауыр етіне, т.т. жерік болуы соның нышаны. “Егер осы асы таптырмаса, ол босанғанша ішкен асын құса береді, тамағы бойына сіңбейді” деген сенім болған. Мұны халық “ит жерік болу” деп атаған” (Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. І-том. Алматы: Арыс, 2005, 211-б.). Мысалы, зерттеушілердің мәліметінше, Оразалыұлы Сейтек күйшінің анасы аяғы ауыр кезінде қасқырдың жүрегіне жерік болыпты. Ноғайбай деген аңшы арқылы қасқырдың жүрегін алдырып, жерігі қайтыпты. Бәлкім, содан да шығар Сейтек қайсар мінезді болған деседі. Қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының материалистік дүниетанымның шырқап тұрған дәуірінде ешкімнен тайсалмайтын тік мінезіне бағып “Дарвин маймылдан, ал, мен бөріден жаратылдым” деп жар салуы тегіне тартқан қайсарлықтың белгісі.   

Көшпелі қазақтар қасқырдың табиғатына орай бөрі, сақ, құрт, т.т. деп түрліше атаған. Олжас Сүлейменов: “Kurt – 1) “волк”, 2) “червяк” (тур.). Екі түрлі мағынаны туыстырған қандай белгі болды екен? Қазақ тілінде тек екінші мағынасы ғана сақталған: kurt – “червяк, червь”. Бірақ, мен ойлаймын, күрделі kaskur – “волк” сөзінде умлаут варианты жасырылған (Kas–kir>kas–kur)” (Язык письма. А.-Рим, 1998. С. 468), – дейді. Өкініштісі, “құрт” лексемасының “қасқыр” мағынасы қазақ тіліндегі этнонимдік, антропонимдік, топонимдік атауларда сақталғандығын О.Сүлейменов ғылыми екшеп, талдап беруге өре деңгейі жетпеген. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде “құрт” сөзінің төрт түрлі мағынасы берілген:

1. Құрт – кептірілген сүт тағамы; 2. денесі ұзынша, жұмыр, ирелеңдеп жүретін, омыртқасыз жәндік; 3. туберкулез ауруы; 4. құрт – көзін жою, жоқ қылу. Осы соңғы семалық белгісі – негізгі ұйытқы номинативті мағынасы болғандықтан сөздікте бірінші келтіріліп, ғылыми жан-жақты түсінік берілуі тиіс еді. Түсіндірме сөздікке енбеген “құрт” лексемасының “бөрі”, яғни тиым салынған, табуланған, жасырылған “тазалық сақшысы” мағыналық реңкі тілдік тәжірибеде сирек жұмсалғандықтан ұмытыла бастаған. Демек, табиғи тепе-теңдікті үйлестіріп, жабайы хайуанаттар арасында, әсіресе аша тұяқтылардың санын реттеп, санитарлық қызметіне байланысты қыру, жою, құрт+у бөрі сөзімен синонимдік қатар түзеді. Мәселен, Қызыл Құрт>Қызылғұрт, Құртқа (эпостық шығарма кейіпкері), Қазы[қ]ғұрт сияқты ру мен кісі атауларында, топонимде “құрт” лексемасының сақталуы – тіл қабатының бағзылығынан ақпарат беретін белгісі. Ру атауындағы күшейткіш шырай “қызыл” анықтауышы бөрінің қасиетін сипаттайтын, яғни қызыл көрсе, қанның исін сезсе тұмсығы тиіп, дәмін алғанша құмары тарқамайтын, тағылық, жыртқыштық нәпсісі қозып, шектен тыс ашқарақ, ашкөздік есіл дертін билеп, бәрін ұмытатын бірбеткейлігіне байланысты тағылған жанама аты. Қасқырдың түрік әдеби тіліндегі қолданысы “құрт”, түрікмендерде “гурт” тұлғасында сақталған. Қазақ тіліндегі “құрт” (сүт тағамы) – кептіру, бойындағы сұйықты, ылғалды құрғату функционалдық сапалық өзгерісіне байланысты аталса, “құрт” (жәндік) – жегенін жеміріп, жалмап, түк қалдырмайтын атына заты сайлығына орай қойылған. Егер қасқыр сөзін морфологиялық талдау жасасақ: қас – 1. жау; 2. негізгі, басты; 3. қас[ақана]; қыр>құрт[жою] мағынасындағы мәндес сөздер. Сонымен, Қызылғұрт>Бозғұрт*>Башқұрт>Қасқ[ұ]ыр[т] лексемаларының сөзжасам амал-тәсілдері ұқсастығы және сол дәуірдегі тотемдік-этникалық наным-сенім мен таным-түсінікке сәйкес титулдық, этнонимдік атауға айналғаны байқалады. Х.Г.Көроғлының атап көрсеткеніндей Фирдоуси “Шахнама” поэмасында халық эпосына сүйеніп, төрүк елін “Горгсар” (“Кешваре горгсар”) – “Қасқыр жайлаған мекен” немесе “Қасқырлар жайлаған ел” (Короглы Х. Огузский героический эпос. М., 1976. С. 77), – дейді. Орыс жылнамашыларының дереккөздеріне сілтеме жасаған С.А. Плетнева еңбегінен мынадай мәліметтерді оқимыз:

“В записях ХІІ в. неоднократно упоминалась в летописи орда Бурчевичей. Представляется вероятным, что территория, занятая этой ордой, может быть локализована на речке Волчьей – притоке Самары (левом притоке Днепра), поскольку название орды происходит, скорее всего, от тюркского bori – волк (бурчевичи – волки). В этой связи интересен поэтический рассказ, помещенный в русской летописи под 1097 г., о волховании хана Боняка перед битвой на Вягре: “...и яко бысть полунощии встав Боняк и отъеха от рати и поча волчьски выти” (ПСРЛ,  II: Полное собрание русских летописей. Т. 2. М., 1962. С. 245). Так хан-жрец культа волка-покровителя просил и испрашивал победу у волков, которые, ответив ему, предсказали и обеспечили будущую победу”. (Плетнева С.А. Половцы. М.: Наука, 1990. С. 102.). Көшпелі төрүктердің салт-дәстүрі мен таным-түсінігіне ден қойып ғылыми зерделеген автор “бурчевичи” сөзін бөрімен шатастырып, қатеге ұрынған. Дұрысы – “бурчевичи” лексемасы қазақтың беріш руын білдіретіндігін ғалым ажырата алмаған. Ал, хан Боняк [Бойнақ>Мойнақ – А.Мек.] кескілескен ұрысқа кірер алдында айдалада ұлыған қасқырларға үн қосып, қорғаушы киесінен күш алып, рухани демеуі мен жеңіске жетуіне жебеуін тілеуі культтік сенімінің белгісі екені күмәнсіз.

“Бөрі басы – ұраным...”

Еуроазия құрлығына шашылып, ру-руға бөлініп мекендеген көшпелі төрүктердің, яки қазақтардың жеке иелігіне енетін аумақтық жер көлемі – сыртқы әлем таныған этникалық меншігі. Түз тағысы дала бөрілері сияқты бір ру екінші рудың иелігіндегі жерге рұқсатсыз аяқ басуға еш құқы жоқ. Руаралық келісімді құрмет тұтуға, жазылмаған Дала заңына бағынуға аса зор мән берілді. Егер әлдеқалай бұл шартты бұзған жағдайда опасыздық жасағанмен тең саналып, екі арада бітіспес соғыс жарияланды. Руаралық тектік жақындық пен тарихи тамырластық, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени мүдделестік ұлыстық ықпалдастық пен тұтастыққа себеп болса, олардың аумақтық жер меншігі генетикалық шекарасын межелеп, осының негізінде мемлекеттік шекара сызығы айқындалды. Көшпелі төрүктер өркениеті заманында ЕуроАзия құрлығының аттың тұяғы жеткен жерін меңгерген алып ел болғандығына тарих куә. Мұншама кеңістікті игеру үшін қағанаттың идеологиясы кемелденген, рухани-мәдени деңгей өресі жоғары болуы шарт. Әйтпесе рулық конфедерациядан тұратын көшпелі елді органикалық бір мақсат-мұратқа жұмылдыру мүлдем мүмкін емес еді. Осы ретте көкбөрінің төрүк ұлты мен ұлыстарының генеологиялық ататек, анатегі болумен қатар ұлттық символдық нышандарды туғызған жаратушылық қызметін осыған дейін ескермей келдік.

“Оғызнама” эпосында “Оғыз қағанның шатырына сәуле болып күндей бір жарық енді. Сол жарықтан көк түкті, көк жалды арлан бөрі шықты” (Щербак А.М. Огуз-наме. Муххабат-наме. М., 1959. С. 37), – дейді. Жарық Жаратушылықпен шендестіріліп, көктен түскен құт – көкжал бөрі Оғыз қағанның жорықта жолбасшылық қызметін атқарады. Айта кеткен абзал, арлан лексемасының түбірі ар, яғни семалық мағынасы кіршіксіз таза, - лан қосымшасы арқылы тазартушы ұғымын білдіретін дербес жаңа сөз жасалған. Лексикографиялық еңбектегі бұл атаудың дефинициясы: “Адамгершілік қасиет, намыс пен ұят” (ҚТТС. 1 том. А.; Ғылым, 1974, 301-б.). Сөздік жасаушылар неге сүйенгені бізге беймәлім, ар лексемасы араб тілінен енген делінген. Тегінде, төрүктің төл сөзі екендігіне дәлел жеткілікті. Қазақ араб шапқыншылығына дейін “ассалаумағалейкүм” немесе еврейше “шалум”>“сәлем” деудің орнына “армысыз” иә “есенсіз бе?!” деп амандасқаны аян.

11 қаңтар 2006 жылы жаңа мерзімге сайланған Елбасының мәртебелі міндетіне кірісуіне орай ұлықтау рәсімінде салтанатты әскери шеруді қабылдаған Нұрсұлтан Назарбаев құрметті сапқа тұрған сарбаздарға – Сә-ле-мат-сыз-дар ма? – деп жауынгерлік амандасу ишаратын жасады. “Сә-ле-мат-сыз-дар ма?” дегенде тілдің үндестік заңы бұзылып, буын жіңішке басталып жуан аяқталады. Демек, дауыс қыстығып шығып, сөздің дыбыстық қуат әсері солғын тартады. Ал егер “Ар-мы-сыз-дар, сар-баз-дар?!” деп буын-буынға бөлсе, ауыз қуысы еркін ашылып, дауыс әуені таудан арқырап аққан асау өзендей әскери әмірге лайық екпінмен айтылып, сөздің қуаты бойға ерекше рух берер еді. Екіншіден, Елбасының ұлықтау рәсімін тамашалауға келген шетелдіктер арасындағы семит тілді қонақтар “қазақ амандасуды бізден үйренген” деген ойда кетпесіне кім кепіл. Ендеше, ұлттың қалыптасқан мәдениетін білдіретін өзіне тән байырғы амандасу жөн-жосығын қалпына келтірудің саяси-рухани мәні өте зор екен.

Сондай-ақ, қазақ қыздарын ару деп, дүниеден озған қимас жандарын Жер-Ананың қойнына арулап береді. Тәрбиеге көнбеген, көргенсізді жазғырғанда “Арсызға айтқан сөз жетім” деп түңіледі. Демек, арлан аталуы бөрінің табиғи функционалдық қасиетіне орай тазартушы, аластаушы ұғымын білдіруден туған. “Төрүк қағандарының киіз үйі алдына алтыннан бейнеленген бөрі басты байрақ қадайтын салты болғандығы – бөріні қаншалықты құрмет тұтқанын куәландырады” (История Сибири. Том первый Древняя Сибирь. Л., 1968. С. 283). Бұл ретте бөрі басты тотемдік байрақ ұстаған сарбаздар суреті жартастарға бедерленген эпиграфикалық ескерткіштерден таныс (Самашев З. Наскальные изображения Верхнего Прииртышья. А.: Гылым, 1992. С. 206–208.), мұны археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған заттай айғақ та растайды.  Белгілі ғалым М.В. Горелик бағзытөрүк дәуіріндегі жауынгерлік жорық киімдері мен соғыс жалауының эскизін археологиялық материалдарға сүйеніп, технологиялық жағынан түпнұсқасымен толық сәйкес келетіндей кәсіби шеберлікпен жаңғыртып, о бастағы қалпына келтірді. М.В.Гореликтің осы эскизінің негізінде суретші-дизайнер Қырым Алтынбеков VII–VIII ғасырдағы төрүк қағанатының рәмізі – бөрілі байраққа реконструкция жасады. Ежелгі төрүктердің байрағы ақ матадан жасалып, штандартына бөрінің алтыннан бас мүсіні құйылып ағаш сапқа бекітілді. Тудың композициясында төрүк ұлысының бағзы құпия ілімі графикалық дизайнмен нақышталған геометриялық орнамент, қос кестеде сақталған. Төрүк өркениетінің рухани баға жетпес құндылығы – руникалық концепциясы ою-өрнек үлгісінде өнер түріне көшіп, декоративтік стилизацияға түскен. Жалаудың желбіреген ұшындағы үш қиық, яки үш тілік – төрүктекті ұлт пен ұлыстың генетикалық үш нәсілден (раса) жаратылғанынан ақпарат береді. Қазақтың үш санын қасиет тұтуының астарында (жоғарғы әлем, ортаңғы әлем, төменгі әлем; ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз; т.т.) нышандық белгісі бар. Тудың рәміздік идеясы – конструкциялық тұтастығымен төрүк қағанатының интеллектуалдық қуатын танытатын сакралды код.

“Байырғы түріктердің тотемі (киесі) қасқыр болғандықтан, көбінесе алтынмен апталған қасқыр бейнелі ту көтеріп жүру дәстүрі болған. Басы қасқыр бейнелі болғанымен, бөксесі айдаһарша шұбатылып, ат үстінде алып жүргенде жан біткендей бұлғақтап, оның үстіне қасқыр бейнесінің көмейіндегі арнайы жасалған қуыс өзгеше гуілдеп дыбыс шығарып отырған. Мұның өзі түрк жауынгерлерінің мерейін тасытса, жауының құтын қашырған...” (А.Сланұлы. Бөрілі байрақ астында байырғы түріктердің қару-жарағы. “Аудитория” газеті, №2, 2001). Зады, бұл туды ұстап тұрған жауынгер-сарбаздың қанында көкбөрінің мінезі оянып, ел мен жерін қорыған киесінің күші бойын кернеп, рухани-патриоттық сезімін ерекше қоздырары шүбәсіз. Сол сияқты оның айналадағы жасақтарға да тигізетін әсер күші тап сондай болуы әбден ықтимал. Ежелгі дәуірден сыр шертетін мемлекеттік атрибутты еске алғанда, ХІХ ғасырда өмір сүрген импровизатор, дүлдүл ақын Сүйінбай Аронұлының шабытты жыр шумақтары еріксіз ойға оралады:

“Бөрілі байрақ астында –

Бөгеліп көрген жан емен!

Бөрідей жортып кеткенде,

Бөлініп қалған жан емен!

Бөрілі найза ұстаса,

Түйремей кеткен жан емен!..

Бөрі басы – ұраным,

Бөрілі менің байрағым.

Бөрілі байрақ көтерсе,

Қозып кетер қайдағым!” (Сүйінбай. Таңдамалы шығармалары. А., 1996, 121 б.).

Тарихшы Сәбетқазы Ақатай: “Толғауға рулық тотемдік аңыз арқау болған. Ел аузындағы аңызға қарағанда, шапырашты руының батырлары Сұраншы мен Бұғыбайдың найзасының ұшы алтынмен апталып, киелі бөрінің бейнесімен безендіріледі екен. Домалақ ана Шапыраштыны көтерерде қасқырдың бауыр етіне жерік болыпты деген де аңыз бар” (Күн мен көлеңке: Ғылыми-танымдық аңсар. А.: Жалын, 1990, 66-б.), – деп жазады.

Ел ішінде дүйім жұртты соңынан үйіріп, ілестіріп ертіп әкететін жолбасшы санаткерлер бар. Егер ондай дарабоздарынан айырылса, ұлыс тобырға айналып, ата-анасынан ажырап, аңырап қалған баладай жетімнің күйін кешеді, басы ауған жаққа адасады. “Көк бөрінің көркем бейнесі” туралы зерттеу жүргізген Амантай Шәріп: “Ноғайлы мырзаларының бас-басына би болып, бүліншілікке ұшырай бастағанын көзбен көрген жыраулық поэзияның жүйрігі Шалкиіз (Шәлгез) Тіленшіұлы:

Ау, бөрілер, бөрілер,

Бөрімін деп жүрерлер,

Һәр бөрінің баласы

Алтау болар, бес болар,

Ішінде абаданы бір болар.

Абаданынан айырылса,

Олардың һәр біреуі

Һәрбір итке жем болар! – деп, “бөрінің де тәңірісі бар” екендігін және одан көз жазса, басқаларынан бақ таятындығын білдірген. Біздіңше, “бөрілерді” бұлайша “жіктеу” арқылы ынтымақ-ымыраға, бір ауызды болуға шақыру – өлең өрнегінде бұрын кездеспеген белгі” (“Парасат” журналы, 2000, № 2, 8-б.) – дейді ол. Мұндағы абадан – күшті, мықты; ауыспалы мағынада қаны таза, нағыз текті қасқыр дегенді білдіреді. Түсіндірме сөздікті түзушілер (ҚТТС. А.: Ғылым, 1974, 32-б.) қазақтың төл сөзін ажырата алмай, араб тілінен енген деп ағаттық жіберген.   

 Қазақ ауыз әдебиеті мен этнографиясы туралы құнды-құнды ғылыми еңбектер жазған Г.Потанин “...Ертеде ғұн қағанының асқан сұлу екі қызы болыпты. Оларды ақсүйектер Құдайға балапты. Әкесі күйеуге бергісі келмей, қала сыртындағы аулақтан биік мұнара тұрғыздырып, оған қыздарын құлыптап, көк иесінен қабылдауын өтінеді. Үш жылдан соң бөрі пайда болып, мұнара түбінен ін қазып, ұли бастайды. Кіші қыз бөрімен көңіл қосып, ұл туады. Оның ұрпағы сондықтан көмекейімен ән салатын [Таулы алтайлықтар, түрікмендер мен Сыр бойы сүлейлерінің мақамдарында сақталған – А.Мек.] әуен ырғағын ұнатып, бөрілерше ұлиды. (Осы арада автордың сілтемесіне назар аударуды мақұл көреміз – А.Мек.).2 Дәл осындай аңыз қазарлардың (хазарлардың) тұқым-тегі Қазар туралы да сақталған. Олай болса, егер Гәсәр (Гэсэр) қазар атауы синонимінің бірі десек, ондай жағдайда, себебі, Орта Азия тарихынан үлкен, кішісіне қарамай бірде-бір ұлыстың бұл атты иемденбейтінін біле тұра, Гәсәр жырының Орта Азияда сақталуын немен түсіндіреміз? Егер қазарлар өздерін қазар емес, басқаша атаса, онда эпостық жырдағы Қазар батыр сол халықтың этнонимдік атауы болуы мүмкін емес. Ендеше, бұл атаудың Қазар-қаған титулымен тікелей байланысы бар болар. Рашид-аддин Хасар [Қазар] атының мағынасын “арыстаннан” шығарады...” (Г.Потанин. Монгольское сказание о Гэсэрь-хане. По вопросу о происхождении русских былин. Журнал “Вестник Европы”, 1890, №9. С. 158.), – деген біз үшін маңызы зор, тарата талдауды қажет ететін пікір білдіреді. Әлбетте, мифтік танымның ежелгі дәуір кеңістігіне қатысты қоғамдық ойлау жүйесін аңғартатынын және ақпаратты өзіне лайықты әдіспен астарын қат-қабат орап жеткізетін қасиеті бары ғылыми ортаға аян. Осы тұрғыда білікті ғалым Гэсэр батырлық эпосы сюжетінің о баста қазақтан [төрүктен] Тибет арқылы монғолға ауысып, кейін Шыңғысханның жортуыл заманында Қапқаз бен Ресейге кең тарағанын дәйекті түрде дәлелдейді. Және Гэсэр атауы қазар сөзінің бір тілдік жүйеден екіншісіне өтуге байланысты дыбысталу ерекшелігіне сәйкес қалыптасқан нұсқасы екеніне назар аудартады. Алайда, эпостағы Қазар батырдың Орта Азия төрүктерінің арасында этнонимдік атты сақтап қалған ұлысты Григорий Потаниннің таппай қалуы қайран қалдырады?! Өйткені, Гэсэр мен Қазар лексикалық тұлғасының варианттылығын ажыратқан әйгілі зерттеушінің Қазар мен Қазақ этнонимінің мағынасы бір, синоним сөз екендігін неғып айқындауға шамасы жетпеген?! Дей тұрғанмен, ғалымның қазар сөзінің шығу тегін Қазар қаған титулымен байланыстыруы ішкі түйсік сезімінің алдамағандығының айғағы. Ал, Рашидаддинге сілтеме жасап, “Хасар [Қазар] атын “арыстан” мағынасынан іздеу” амалына сүйенуінің тарихи негіздерін ілкідегі өткен өмірлік мысалдарға жүгініп, талдай келе шығыс халықтарының ділі мен дәстүрінде қалыптасқан мәшһүр тұлғаның атынан берілетін күш-қуатқа сену әдеті барлығын да жасырмай, ескертуді ұмытпаған. Жалпы, осы еңбегінде фольклортанушы монғол ханзадаларының атақ, лауазымдарының қайдан шыққандығына қатысты бірсыпыра сұрақтарға жауап табуға болатынын еске салады. Қысқасы, қазақ этномәдени өміріне қанық, білікті оқымыстының зерделеген ғылыми жұмысынан мынадай нақты қорытынды шығаруға әбден болады:

1. Ғұн [ХұнҚұн] мен Қазар аңызының сюжеттік ұқсастығы, демек, бұлардың этникалық тегінің бірлігін айқындайтындығының куәсі;   

2. Гэсэр – Қазар есімінің синонимдік қатарының бірі, яғни, Гэсэр [төрүк тілінен жүйесі бөлек тілдегі дыбысталуына орай әліптелуі деп түсінген абзал – А.Мек], Қазар лексикалық тұлғасы Қазақ этнонимімен мәндес екені анық;

3. Қазақ ән әуеніне еліктеген монғолдардың иесіз жұртта қалған кәрі иттің ұлығанын сол ұлыстың сазына ұқсатып, үйренуінде гәп бар. Аңыз қазақтар ауызынан алынғанмен автор Бичуриннің мәліметіне иек артуында “жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды” дейтіндей қарапайым қисынға құрылған. Демек, Бичурин мифтік танымның этноспен қоса жарыса жасасатын бағзыдан жеткен белгілерінің бірі ұл[ы]ттық музыка сарынының табиғаты қазақтың монғолға тигізген ықпалын аңызбен астарлаған нәзік емеурінді аңғартады. Бұл ұдайы сыңаржақ пайымдайтын еуроцентристік бағыттағы оқымыстылардың көзқарасына идеялық кереғар қазақтың монғол этносына әсерін бейнелейтін елеусіздеу болса да, өте өзекті ғылыми мәселе. Сондай-ақ, монғолдардың иттің, яки бөрінің ұлуы мен адамның ауыз қуысынан шығатын акустикалық дыбыс әуезін айыра білмеді деген сыңаржақ күстаналау емес, мифтік әңгіменің мақсаты бөріні тотемі санаған қазақтардан үйренгендігінен ақпарат беретін әдеби жасырын әдіс.

Біз жоғарыда Қазар мен Қазақ атауының мәндестігіне тоқталдық. Тарихи деректер мен әдебиеттерде қазар сөзі хазар, козар, т.т. алуан түрлі лексикалық тұлғалық пішінде таңбаланып, транскрипцияланғаны мәлім. Бұл этникалық ұлыс туралы орыс тарихшысы Н.М.Карамзин: “Козарлар немесе хазарлар ежелден Шығыстық Географияда Хазар аталып, төрүктермен бір рулас, тегі бір Каспий теңізінің батыс бөлігін мекендеген ” (Карамзин Николай Михайлович. История государства Российского. Том І. М., 1989. С.59), – деп жазады. Осы арада тарихи тағы бір ақиқаттың бетін ашудың реті келіп тұрғанын айтпасқа болмайды. Қазар қағанатының мемлекеттік наным-сенімі зерттеушілердің бірсыпырасы пұтқа табынушылық деп пайымдайтын Теңрілік ұстаным еді. Алайда, біздің жыл санауымыздың VIII ғасырының аяғында иудеи, ислам және христиан діндеріне қағанат тарапынан кеңшіліктің жасалуы сыртқы жағдайға байланысты тарихи ахуалдың себебінен қалыптасқан деген жорамал жасауға болады. Өкініштісі, осы діни конфессиялардың өзара әкімшілік билікке жүргізген пәрменді бақталастық әрекеті, әсіресе, мемлекеттің иудеи дінін ресми қабылдауы – қағанаттың дағдарысқа түсіп, ұзақ уақыт өмір сүруін тежеген саяси теріс қадам болды. Қазар қағанатының әлемдік тарихтағы маңызына қатысты іргелі зерттеу жүргізіп, сүбелі еңбек қалдырған М.Артамоновтың бұл мәселеге орай:

“Төрүк қағанаты құлаған соң да қазарлар [автор монографиясында қазар этнонимінің хазар болып тұлғалануыҚфонемасын дәлме-дәл бейнелейтін орыс тіліндегі баламасыХфонемасына сәйкес келгендіктен екенін ескертіп өтеміз  А.Мек.] ежелгі төрүктердің салт-дәстүріне беріктігін сақтап, көршілес ұлыс пен руларды қылыштың өткір жүзі, найзасының ұзындығымен өз үстемдігінің шеңберіне топтастыра білді.

Дей тұрғанмен, бұл дәуірдегі қазарлардың рөлі тарих үшін прогрессивтік қызмет атқарды. Олар арабтардың тегеурінді шабуылын тоқтатып, Византия мәдениетіне есік ашты, Каспий мен Қара теңіз жағалауындағы аумаққа қауіпсіздік пен тәртіпті орнатты, осының нәтижесінде бұл елдердің шаруашылығының дамуы мен орманды Шығыс Еуропаның ашық алқаптарына славяндардың орналасуына мүмкіндік жасады. Бірақ иудей дінін қабылдау олар үшін өте қатерлі қадам болды. Сол мезеттен бастап үкімет пен халықтың екі арасында байланыс үзіліп, егіншілік пен мал шаруашылығының қарқындап дамуының орнына билік басындағылар делдалдық сауда мен жатыпішер, арамтамақтық өмір салтына жол берді. Жаңа үкімет әділетті өз халқына сенбей мұсұлман жасағы найзасының ұшымен ұстады. Көргенінен жазбайтын, сананың соқырлығы (талмудшылық) қалың бұқараны баурай алмай, аз ғана топтың жағдайын жеңілдетуге пұрсат берді. Сол – сол-ақ екен, Қазар қағанаты қадырынан күрт айырылып, мәдениеті басқа Шығыс Еуропа халықтарының арнасымен аға бастады... Қазар иудейлері діннің әлеуметтік біріктіретін қуатты фактор екенін ескермегендігі өз алдына, тіпті бұған экономикалық негіздің де қажеттілігі жоқтығын есепке алмады.

Ал, иудеи діні өзінің күшіне тән Қазар мемлекетінің құрамына енетін көптеген халықтардың дініне айнала алмауы былай тұрсын, тіпті қазарлардың өздеріне де тұтас сіңбеді” (Артамонов М.И. История хазар. 2-е изд. – СПб.: Издательство “Лань”, 2001. – С. 623–624.), – деген байламға келіп, қорытынды пікір жасайды.

Қазар қағанатының ордасы – Ит[і]ил

Қазар қағанатының астанасы Итіл болғандығын кәсіби қоғамтанушы ғалымдарымыздың бәрі бірдей біле бермеуі қайран қалдырады. Тағы да сол дәуірдің жылнамасына сүйенген еңбекке назар аударалық: “Хазар (немесе Козар) жердің атауы, орталық қаласы, яки елордасы Итіл; Ресей мен Бұлғарды кесіп ағатын өзен (Волга) атауы да дәл осылай Итіл аталады...” (Карамзин Н.М. История государства Россиского. Том І. М., 1989. С. 323). Қазар қағанатының куәсі болған араб жиһанкездері қалдырған жазбалар да бұл деректі растайды. Истахридің мәлімдеуінше: “Хазар имя народа, что же касается города, то столица у них называется Итиль, название по имени реки” (Артамонов М.И. История хазар. 2-е изд. – СПб.: Издательство “Лань”, 2001. – С. 535.). Қазар, яки Қазақ қағанатының бас қаласы Ити[і]л, оны қақ бөліп, жарып ағатын өзенін де Ити[і]л деп атаудың тарихи мәні өте терең екендігінен ақпарат береді. Жер-су атауларын арнайы зерттеген Э.М. Мурзаев: “…р. Волга в мордовском – Ра, в тюркском – Итиль, в марийском – Йул; р. Белая – Акитиль у татар и башкир (где ак – “белый”)”(Очерки топонимики. Москва: Мысль, 1974. С. 14.), – деп жазады. Татар ғалымы М.З. Закиев “Если обратить внимание на этимологию этого гидронима, то легко заметить, что он состоит из двух частей: тюрк. идииде “великий, большой, бог” и ел (самая древняя форма гидронима елга “река”). Тюркское ел заимствовано и марийским языком для обозначения самой Волги. Таким образом, Иди+ел (Идель) применялось и сейчас применяется в значении “большая река, великая река”. Если так, то и самой древней формой этого гидронима является не Атал, Этил или Итиль, а Идель (Иди-ел). Исходя из сказанного, видно, что арабское начертание этого гидронима должно транслитеровано как Итиль, Ител или  Идель” (Происхождение тюрков и татар. – М.: ИНСАН, 2003. – С.324), – деп қате пайымдайды. Дұрысы, бұл бөріні тотемі санаған [Ит+іл, яғни ит табуланған бөрі [сақ] + іл [ил, ел], салт-дәстүрін қасиет тұтқан көшпелі қағанаттың дүниетанымынан хабар беретін ат қою үрдісі. Өйткені біріккен сөздің екінші буыны – іл[ил] байырғы көк төрүк тілінде мемлекет дегенді білдіреді. Сонда Итіл [кейін қазақ тілінде ауызекі Еділ нұсқасында қалыптасқан] (Итиль, Ател болып жазба деректерде әртүрлі таңбаланған – А.Мек.) жер-су атауы табуланған мемлекет атын бейнелеп тұр. Вестбергке сілтеме жасаған Артамонов: “Он (Итиль – А.Мек.) возродился только в ХІІ в., но тогда он принадлежал уже не хазарам, не хорезмийцам и не руси, а гузам. Его новое имя было Саксин” (Артамонов М.И. История хазар. 2-е изд. – СПб.: Издательство “Лань”, 2001. – С. 609.), – дейді. Ит[і]ил атауының құпиясын білмейтін жат жұрттық оқымыстылар төрүктердің Сақсын лексемасы мағыналық жағынан жаңғырған мәндес Бөрісің дегенді білдіретін табуланған сөз екенін ажырата алмаған. Тарихтың атасы: “Парсылар скифтердің бәрін сақ деп атайды” (Геродот. История в девяти книгах. Ленинград: Наука, 1972. С. 332-333), – десе, “Парсылар сақтарды сақ дегенде оларға “ит” деп ат таққандағысы. Сақтардың тілінде сақ сөзінің мағынасы ит дегенді білдірді... “Ит” аталған халыққа тарихта мысал бір бұл ғана емес. “Ит” деп соңғы кезге дейін Ресейдің еуропалық бөлігінде өмір сүрген төрүктің мықты руларының бірі аталды; ...Ноғай аты “ит” дегенді білдіреді, алайда төрүк тілдерінде бұл ұғымды білдіретін мағынасы қолданыстан шығып қалған... Сақтар өздерін сақ деп атады, бұл жауласқан көршілерінің қойған аты емес. Сондай-ақ, ежелгі парсылар итке құрметпен қарап, тіпті кие тұтқанын да ұмытуға болмайды. Парсылардың сақтарды “ит” деп атады деу, бұл христиан мен мұсұлман халықтарының көзқарас пайымдауы тұрғысынан айтылған” (Григорьев В.В. О скифском народе саках. Алматы: ТОО “ХАНТ”, 1998. Стр. 74-75), – деп жазады. Вестберг Сақсын (Саксин) мен Итиль екеуі бір ұғымды білдіретінін дәлелдеген (Бартольд В.В. Том ІІ, часть 1, М., 1963, стр. 706). Сонымен бағзы төрүктердің графикалық рулық таңба белгілері мен ұлыстың жады – жер-су атауларының астарында жасырылған қатпар-қатпар құпия ақпарат сақталған. Ал сөздің тылсым сырын ұқпай, тура мағынасын талдауға машықтанған ғалымдардың баяндау тәсілі шындықты мүлдем бере алмайды. Осыған орай салтына берік ел ішіндегі ат тергеуге байланысты мына бір әңгіме еске түседі:

– Келіннің аталарының есімдері Күшікбай мен Итбай екен. Күндердің күнінде есік алдындағы алаңға жиналған ауыл иттері мен күшіктері бір-бірімен жұлысып, маңайын азан-қазан, у-шу қылады. Мұны көрген келіні үйге кіре сап атасына: – Ата, ата! сыртта аталар таласып, жұлысуда деген екен. Ат қою демекші қазақтың бір аты – Сақ. Өйткені, көкбөрі қазақтың тотемдік атауы. Ұйғырлар қасқыритті (овчарка) бөрісақ деуі бөрі сақтардың табуланған ататегі екенін ардақтағанының белгісі. Қазақтың “Құдай: сақтансаң – сақтаймын дейді” деуі сақ болудың астарын емеурінмен егіздегені. Сол сияқты керей руынан тармақталатын бір атасы ите[і]лі, байұлы құрамындағы таз[ы], адай руы, қазақ антропониміне тән Итбай, Италмас, Итемген, Итжан, Бөрібай, Қасқырбай, Күшікбай, Құртқа, Көкжал Барақ, т.т. есімдердің өмірде жиі кездесуі бағзы төтемдік түсініктің тілдегі қалдырған із-бедері.

Орыстың “Алеша Попович” былинасында қас дұшпаны қазар жауынгерін суреттегенде итке теңейді:

“Вышина у собаки ведь трех сажон,

Ширина у собаки ведь двух охват”.

Бұлайша қазар сарбазының образын итке телуінің мәні – біріншіден, оның тотемдік тегін білдірсе, екіншіден, қарсылас жауының көркемдік кейпін мансұқтап, жағымсыз бейнеде танытуды көздеуден туған. Потанин орыстың батырлық жырындағы басты кейіпкер Михайл Казарянның өн бойынан монғолдың Гэсэрхан эпосына тән мазмұндық оқиға желісі қайталанатынын орынды көрсетіп, төрүктік сарынның ізін тауып салыстырмалы түрде тамаша дәлелдеген. Ол: “Орыс эпостық жырын зерттеушілердің баршасы, Хомяковтан бастап А.Н.Веселовскийге дейін “Казарян” атын этникалық деп санады және солай екендігін, яғни орыс батырлық жырының шығарушысы бұл туындыда ежелгі Рустің өштескен көшпелі халқын, атап айтқанда, Ресейдің оңтүстік-шығысында өмір сүрген қазарларды бейнелегісі келген. Бірақ монғол-тибет жырымен жақындастықтың себебінен мұнан этникалықтан гөрі эпикалық ат байқалатындығы, шындығында, шығыстық түпнұсқасында батыр дәл осылай аталып, басқаша сөзбен сипаттағанда “Казарянин” есімі орыс былинасында Қазар орнына қолданылғанын, күйеуі жоқ кезінде әйелін алып кету эпизодының дамуы тура монғол мен тибет жырындағыдай Гэсэрдің осы Қазар жөнінде екендігі әбден ықтимал. Добрыня мен Соловей Будимирович былинасындағы тақырып Руське Гэсэрден көшкені мәлім; батырлық жырдағы Михайл Казарян туралы нақ Гэсэрдің өзі болуы да мүмкін” (Монголское сказание о Гэсэр-хане. По вопросу о происхождении русских былин. Журнал “Вестник Европы”, 1890, №9, С.131), – деп ауыз әдебиетіндегі ерлік дастанның астарынан өткен тарихтың ақиқатын аршып береді. Ғылым әлемінде беделді тұлғаның зерттеу жұмысының маңызы көшпелі төрүк мәдениетінің дәуірлеген шағында айнала қоршаған мемлекеттерге тигізген рухани ықпалы мен үлес салмағын айқындап беруімен аса құнды әрі бағалы. Ахмет Байтұрсынұлы Г.Н.Потанинің қазақ ғылымына сіңірген орасан зор еңбегіне шексіз ризашылық сезімін оған арнаған өлең жолдарымен жұптаған:

“Өзіңді көзіңе айтып мақтау емес,

Бізсіз де ісің айғақ тұр істеген.

Ұл туып ұлы жолда қызмет етсе,

Онан зор ұлтқа бар ма ырыс деген?!”.

Ахаң қазақ мәдениеті мен тарихын зерттеген өзге нәсіл өкілдерінің бірде-біріне бұлай шын жүректен көңілі толып, тәнті болған емес.

Енді әуелгі ойымызды тарқатыңқырап, әрі жалғастыра сабақтасақ, Итиль қала мен гидроним атауы тарихи құжаттарда Ател деп өзге тілдің орфографиялық қағидасына икемделіп тасқа таңба басқандай бейнеленген. Біздің жыл санауымыздың ІV ғасыры аяғында Итил өзенін көктей басып өткен ғұн патшасы Аттылының (Аттиланың) есімін Еуропаға жасаған жорығымен гидроним атауын тікелей байланыстыру бұған дейін ғылыми әдебиеттерде әбден орныққандығы сондай, “өмірлік ақиқатқа айналды”. Бұл – Ател (дұрысы Итил) мен Аттылының (Аттиланың) ара жігін ашалмай, баз біреулердің жаңсақ пайымдауынан тарихи бұрмаланып қалыптасқан атау. Түркі-татар этнонимінің шығу тегін зерттеген Закиев М.З. “Аттила есімі бәлкім, атты (атлы) “аты мәлім”, “танымал” дегенді білдіретін болар. Түркілерде ұлы тұлғаларының есімін қоғамдағы орнына қарай ерекшелеп ат қою дәстүрі бар” деген пікірде (Происхождение тюрков и татар. М.: ИНСАН, 2003. С. 111.). Осы арада исі қазаққа кең тараған “Шорманның Мұстафасы атымды алып, Атандым сол себептен Жаяу Мұса... Үш жүзге атым мәлім Жаяу Мұса, Жүрмейді кімдер жаяу, зорлық қылса. Аттыдан жаяу жүріп кек аламын, Жігіттер, шамаң келсе, маған ұқса”, – дейтін әйгілі өнерпаздың “ер қанаты” атынан Шорманның  Мұстафасының күшпен айырған зорлығын ән-жырға арқау етіп, күллі ел-жұртқа әшкерелеуі дала демократиясының басқаға ұқсамайтын ерекшелігін көрсетеді. Маң даланы көшіп-қонып, ұлан-ғайыр кеңістікті игеру жылқы жануарынсыз көз алдына елестету қандай қиын болса, Мұса Байжанұлының “Жаяу” аталуы – ат үстінен түспеген көшпелі қоғам өмірінде төтенше құбылыс еді. Мұндай әлеуметтік ортадағы елең етерлік оқиға ел жадында ұзақ сақталатындай қазақтың ат қойып, айдар тағуы – ұлттың өзіне ғана тән бойына біткен шығарымпаздық қасиеті, көшпелілердің жазылмаған заңы. Демек, Мұса көшпелі қоғамдық қатынасқа кереғар “Жаяу” атын образды қолдану арқылы жуан білектің шектен шыққан үстемдігін сынаған. Қазақта жауапкершілік жүктеген шенді қызметкерді атқа мінер дейді. Сөйтіп, ғұн патшасы Аттылының азан шақырып қойған есіміне түк қатысы жоқ Еділ аты қосақталып, қолдан бұрмаланды. Сыртқы күштердің экспанциясы, әсіресе Қазар қағанатының ішкі ісіне араласпақ ниетті көздеп, елдің наным, сеніміне өз мүддесі тұрғысынан аяусыз шабуылы тұсында ұлттық сананы оятатын, ұл[ы]ттық намысты қоздыратын мемлекеттік атрибут – рухани ұран сөздерді айламен жұмсартып, жуасыту саясаты жүйелі жүргізілгені осыдан байқалады. Соның нәтижесінде Аттылы (Аттила) антропонимін де, Итил топонимі мен гидронимін де, бір сөзбен Еділ деп өзгертіп, тарихқа көрер көзге қиянат жасалды.

Қазар қағанатының, оның орталық ордасы Итилдің жүргізген саясаты арабтың, гректің, парсының, еврейдің, армянның, орыстың, қысқасы, Еуропа мен Азияның сол замандағы тарихшылары мен жылнамашылары, жиһанкездері мен миссионер ғалымдарының басты назарында болғаны олардан қалған қыруар құнды деректер арқылы бүгінге жетті. Қазарлар мен Қазар қағанаты хақында В.В.Григорьев (1816–1881) былайша толғанады: “Орта ғасырдағы ерекше құбылыс қазар халқы еді. Жабайы және көшпелі рулардың қоршауындағы қазарлар білікті елдерге тән артықшылықтың бәріне: басқару жүйесінің құрылуы, кең көлемді, гүлденген сауда-саттық пен тұрақты әскер күшіне ие болды. Батыс Еуропада үлкен бассыздық пен терең білімсіздіктің һәм  фанатизмнің билеп-төстеп, үстемдік құруы үшін бір-бірімен таласқа түскен шағында, ірі Қазар мемлекеті әділ соты мен діни  еріктілігі арқылы даңқы шығып және сенімі үшін өзге елдерден қуғынға ұшырағандар жан-жақтан оған лақылдап ағылды. Еуропаның қараңғылық басқан көкжиегінде жап-жарық аққан жұлдыздай жарқ етті де өшті, өзінің соңында тіршілік еткендігінен ешқандай із қалдырмады” (Россия и Азия. СПб., 1876. С. 66), – дейді. Руханияттың шыңы хат мәдениетінің дамуы Қазар қағанаты деңгейінің қаншалықты биік болғандығының дәлелі. Әлбетте, жат жұрттың ақылды бастары мемлекеттің қолданған жазу үлгісін әр саққа жүгіртіп, қилы-қилы топшылау жасап, пайымдаған. Парсы тарихшысы Фахр-ад-Диннің (1206) мәлімдеуінше: “Қазарлардың да орыстардан ауысқан жазу үлгісі бар...”. В.В.Бартольд бұған былай деп жауап берген: “Орыстан ауысқан дегенді қазар алфавитіне телуі, бәлкім, түсінбегендіктен. Бірақ, орыс пен қазарлар алфавитінің түпкі шыққан тегі бір – гректерден екені шындыққа өте үйлесімді”3. Қазар қағанатының жазуы болғандығын археологиялық қазынды Маяцкі қалашығынан табылған тасқа бәдізделген төрүк жазбасы, Новочеркасскі мұражайында сақталған қыш құты, сондай-ақ, Қазар бекінісі Саркелдегі кірпішке нақышталған әріп кескіндері дәлелдейді4. Алайда, бұл эпиграфикалық ескерткіштердің алфавиті гректікі емес екені анық, ғалымдар VII-VIII ғасырдағы Орхон бойындағы төрүк жазуына әлдеқайда жақын тұр5, – деген ортақ мәмлеге тоқтағанмен, бірақ, көшпелі төрүктердің хат мәдениетінің негізі арамей-аршакид әліпбиінен бастау алады дейтін бірімен бірі әдейі келісіп алғандай бұлжымайтын жалаң, жадағай қорытынды жасайды. Бұл арадағы оқымыстылардың ұстанған көзқарасы өз мемлекетінің жүргізген идеологиялық мүддесіне қызмет етуден туғандығына еш күмән жоқ. Қазар қағанаты тұтынған алфавит бағзы төрүк ұлты мен ұлысына тән төл руна жазуының рухани мұрагері екендігі еш талассыз ақиқат. Кезінде бұл руника жазуын көшпелі төрүктердің арасында білмейтіні кемде-кем болды. Рулық конфедерациядан тұратын көшпелі мемлекеттің идеологиялық мызғымас тұтастығының негізі – руна жазуын қоғам мүшелері шырт ұйқыда жатқанда оятып алып сұраса, есінен шықпайтындай зердесіне бек тоқыған еді. Жалпы, руна жазуының құдіреті, әр рудың ортақ идеялық мұратына қосқан үлесін таңба тілімен бейнелеген әлемде салыстырарлық аналогы жоқ ұлттық философиясында.   

  Қазартанушы М.Артамонов зерттеуінде Итил қаласына арнайы жеке тоқталған. Сан алуан шет елдік саяси талдаушылар мен бақылаушылардың пікірлері мен көзқарастарын, ескі қолжазбалар мен күнделіктерді, мұрағаттарда сақталған құжаттар мен карталарды ғылыми сараптай келіп, автор Итил қаласының топографиялық орналасқан тарихи нақ орнын географиялық саяси картадан анықтауға барынша күш салған. Бұл үшін ол араб географы, тарихшы әрі жиһанкездері Кудама, Идриси, Масуди, Ибн Русте, Гардизи, Ибн әл-Факих, Бекре, Ибн Хордадбех, Ибн Хаукал, Мукаддаси, Истахри, Ахмед ибн Фадлан, Мұхаммед ибн Джерир ат-Табари жазбаларын, византиялық монах Феофан Исповедник және тарихшылар Прокопий Кесарийский мен Менандр Протиктор хроникаларын, Мойсей Каланкатуйскінің өте құнды ақпараттарын, Қазар қағаны Иосіп хаттарын, Рашид ад-Дин жылнамалар жинағын, армян тарихшысы Моисей Хоренскийдің, орыс оқымыстылары В.В.Григорьевтің, Д.Языковтің, П.В.Голубовскийдің, Б.А.Рыбаковтің, Л.Н.Гумилевтің, т.т. әртүрлі тілдегі сан қырлы көзқарастағы қазартану тақырыбына ауадай қажет түпдеректерді ғылыми тірек етіп, мәліметтерді жан-жақты саралап, сипаттаған. Зерттеушілердің  Итил қаласын көзімен көріп, қалдырған тарихи жазба деректеріне сүйеніп, Итил, яғни кейінгі дәуірде Еділ атанып кеткен өзеннің төменгі ағысында деп, Астрахан қаласының маңайын мөлшерлейді. Осы тақылеттес пікірді Г. Потанин де жазған: “Қазар-қағанның елордасы (астанасы) Волганың құйылыс сағасындағы Атиль қаласы. Шамамен кәзіргі Астрахан қаласы орналасқан жерде, – дей келіп, ол бұрын-соңды беймәлім тосын ақпараттың шетін шығарады. – Бұл атау ежелде Хозя-торокань, Хаджи-тархан деп жазылған. Орта Азияда тархан деп қоғамдық айырықша дәрежесі барларды атаған; сондықтан, қандай да бір адамға қойылған Джис-тархан есімі туралы аңыз тап бүгінгі қала тұрған жермен ұштастырылған деп ойлауға болады” (Монголское сказание о Гэсэр-хане. По вопросу о происхождении русских былин. Журнал “Вестник Европы”, 1890, №9, С.140), – дейді. Г. Потанин фольклорлық шығармаларды салыстырмалы әдіспен зерттеу нәтижесінде түрлі оқиға арқауының ұқсас паралелдерін анықтап, Астрахан қаласының атауы бағзы Еділ өзені сағасында айтылған Гэсэр жырының жаңғырығы емес пе екен деген ғылыми соны болжам жасайды. Егер Гэсэр сөзі Қазар лексемасының дыбыстық өзгеріске түскен нұсқасы деп қабылдасақ, ғалым топшылауы шындыққа жанасады. Осыған орай ғылыми ортада талас тудырып, әліге дейін нақты жауабы табылмаған мәселенің бірі қазар этнонимінің шығу тегіне байланысты. Бұған қатысты ізденіп, арнайы шұғылданған бірсыпыра шығыстынушылар қазар сөзінің түп тегі төрүк тіліндегі “қаз” түбірінен шығып, “көшіп-қону”6 ұғымын білдіреді деп пайымдайды. Демек, Г.Н.Потанин дерегіндегі Астрахан қаласының ескі атауы “Хозя-торокань” біздің ойымызша, о баста Қаз-төр-қ[х]ан[ы] немесе Қаз-төр[е]-қ[х]ан болу мүмкіндігін де теріске шығармайтын сияқты. Орта ғасырдағы арабтық идеологиялық үстемдік тұсында Дала мәдениетіне түбегейлі реформа жасау әрекеті негізінде жүргізілген ономастикалық саясат атаудың “Хаджи-тархан, Джис-тархан” тұлғалық өзгеріске ұшырауына себеп болып, топоним бойында сақталған замана сырын жоғалтып жіберген. “Әдетте мәлім ру немесе тайпа бір жерге қоныстанғаннан кейін, олардың тотемдерінің аты табиғи түрде сол жердің атына айналады. Сондықтан ең алғашқы жер аттары тотем аты болып табылады... Көптеген жер аттары алғашқы тотемдермен байланысты, әсіресе, бір шама ертедегілері. Бұған бір мысал, аққуды өзіне тотем тұтқан қазақтар бұрын Балқаш көлін “Қаз көл” деп, маңындағы бір қаланы “Қаз қаласы” деп атаған (Хи Шиңлиаң “Жүңгу тотем мәдениеті”. Жүңгу қоғамдық ғылым баспасы, 1993 жыл)”(Изоллаұлы Азат. Тасқа жазылған тарих. Тіл туралы. Шыңжаң халық баспасы, 2003, 3-б.). Сонымен, Қаз+ақ, Қаз+ар, Қаз+ан, Қаз+қ[ғ]ұрт, Қаз+бек, Қаз+ан+қ[ғ]ап, Қап+қаз, т.т. атаулар, сондай-ақ, аспан денелеріне байланысты қаз жолы, (яки Құс жолы), Темірқаз+ық және қаз-қаз басу фразеологиялық тіркесіндегі қаз компоненті бағзы тотемдік, философиялық дүниетанымға орай қалыптасқан құпия ілім. “Қазақ ұлтының бастан өткерген атауларының тізбегін қарастырсақ, – дейді рунатанудың білгірі Т.Досанов, – қазақ=қазар>(қайсақ) сақ>қазсақ>қаспи (қаз+епі)>қазақ, олардың ішінде негізінен тек Қаз бен Сақ тотемдері (Тынышбаев тапқан суреттегі) болғаны анық. Бұл туралы А.Н.Бернштам былай деген: “По свидетельству Геродота, древние каспы обитали в северном Прикаспии (от каспов и название моря). Таким образом, в V столетии до н.э. на территории, близкой к современному Казахстану или частично тождественной ему, были “каспы”, или “каски”, которые сохраняют свой этноним в VI–XI вв. н.э. в племенном наименовании “хазар”, переходящем в известную нам форму “казах”. Эту точку зрения поддерживает также известный чешский ученый Ф.Грозный. Исторически терминологический ряд может быть представлен в виде kas-pi~kas-ki = hazar = qazak”7 (Тайжан Досанов. Бағзықазақтың ұлттық жазу концепциясының пәлсапасы. “Таң-Шолпан” журналы, 2005, №2, 131–132-бет.). Бұл атаулардың мағынасын тереңірек түсініп, тиісті мағлұмат алу үшін қасиетті рулық таңбаларды, руникалық концепцияны талдап, жетік игергенде ғана графикалық пішінін сөйлетіп, жасырылған тылсым сыры ашылары шүбәсіз. Бұған Т.Досановтың аталған зерттеуінде көрнекілікпен дәлелденген мысалдар жеткілікті.

Қазақ арасында айтылатын “Дүниеде адам жаратылғанда тірі мақұлықтан жанына ең бірінші ит дос болыпты-мыс”, – дейтін тәмсіл бар.  Енді сәл шегініс жасап, адам өміріндегі иттің рөлі мен қызметіне қатысты мифтік деректерге назар аударалық:

“Құдай тағала әуелі адамның тәнін топырақтан жаратып болып, жерге қойып итке күзеттіріп, өзі тәнге жан алып келмекші болып кетіпті. Сол мезгілде тәннің жанына шайтан келіп, тәнді жоғалтпақшы болыпты. Көзіне жақсы көрінген соң ит тәнді шайтанға бұзуға бермей, үріп өзіне қарсы шауып тұрыпты. Сонда шайтан итке суық жіберіпті. Ит жүнсіз тақыр болған соң суыққа ұшып, өліп қалған мезгілінде шайтан адамның тәніне жақын келіп, неше мәртебе түкіріп жіберген. Соның үшін күнәнің басы осыдан болып азап көрмек, ауырмақтық бұнан қалған. Сол мезгілде Құдай тағала қайтып келіп, жанды тәнге салып, шайтанға қаһар қылып, сонда да бұ ауру, күнаны адамда қалдырған. Дүниеде тұрған уақытта қажеті бар екен деп және итке жақсы адал қызмет қылғаны үшін оған жылы тон берген” (“Дала уалаяты газеті”, 1890, №45. Әдеби нұсқалар құрастырушы Ү.Субханбердина. – А.: Ғылым, 1989, 238–239-бет.). “Кісі һәм ит” деп аталатын бұл аңызды ХІХ ғасырдың екінші жартысында орыс шығыстанушылары қазақ арасынан жазып алып, баспасөз беттерінде жариялаған. Соның бірі миссионер ғалым А.Е.Алекторов ел ішінен жазып алған “Век человека” және “Человек и собака” атты халық ауызында сақталған ең ежелгі аңызды “Астраханский Вестник” газетінің 1894 жылғы №1331 санында жариялаған. Аңыз сюжетінің қабатында түрлі астар бар:

  1.  Құдай адамды жаратпас бұрын ит өмірде барлығы аңғарылады;
  2.  Адамның тәнін жаратып, бойына жанын салу аралығында Құдайдың итке күзеттіруі – демек, Жаратқан Иенің үкімімен ит адамның жер бетіндегі бірінші қорғаны болғанынан мәлімет береді;
  3.  Құдай адамды жаратқанмен рухани санасы қалыптасқан екі аралықта шайтанның арбауына еріп, дегеніне көнген пендешілік мінез қанына сіңген, сондықтан ел ауызындағы “алтын көрсе, періште жолдан таяды” деудің мәнісі содан қалған. Яғни, кез келген адамның шайтаны өз ішінде дегенді меңзейді, Сондай-ақ, Құдай Өзі Жасаған адамның ауызынан үрлеп дем салуы, яки жан бітіруі әркімнің Құдайы ішінде екендігінің белгісі;
  4.  Иттің шайтанды көре алуы – сезім мүшелері ерекше дамығандығынан хабар береді.

Енді осы аңыздың ел ішінде қалыптасқан екінші нұсқасы бойынша: “Аллатағала Адам-Атаны жарату үшін оның болашақ денесін періштелерге топырақтан үйгізіп, оған жан бітіргенге дейінгі аралықта жабайы жылқы келіп, үйме топырақты тарпып, шаша береді. Сондықтан Адам-Атаның жасатына (дене сүйегіне) айналмақшы бұл топырақты құландардан қорғау үшін Алла итті жаратқан дейді. Сөйтіп, ит әу бастан-ақ өз мойнына борыш етіп алған “міндет” бойынша, әрбір үйде дүниеге адам келіп, оның өсіп-өрбуіне тілектес болатын хайуан саналады. Ал жаңа туған нәрестенің үстіндегі жаға-жеңі бүгілмей, текшіп қана тігіле салған, айнала кенересі суыртпақтанған жейденің “ит жейде” атануы, ит сол үйге “Құдайдан перзент тіледі” деп ұғынудан туған” (Жанат Ахмадиев. Топырағын таппай дән өнбес. “Семья және балабақша” журналы, 1991, №10, 3–4-бет.). Бағзы көшпелі төрүктердің тотемдік сенімінен қалыптасқан мифтік сюжет орта ғасырдағы ислам дінінің үстемдігімен ақпараттық мәнінен сәл-пәл ауытқуына себеп болған.  “Ер қанаты – ат” деп санайтын, небір құрық тимеген асауды қолға үйреткен көшпелі төрүктердің танымында “Алланың Адам-Атаны жарату үшін періштелерге топырақтан үйгізіп, жан бітіргенге” жылқыны қарсы қоюы қисынға келіңкіремейді. Асылы, дуалистік көзқарас тұрғысынан періштеге қарсы тұрар күш жын мен шайтан. Демек, мұнан аңыз сарынына кейінгі дәуірлерде өзгеріс енгізілгені байқалып тұр.

Иттің тотемдік культі туралы сөз қозғағанда, қазақ салтындағы “ит көйлек” ғұрпына соқпай өтуге болмайды. Өмірге келген нәрестеге қырқынан шыққанша кигізіліп, туғанына қырық күн толғанда көйлекке құрт, ірімшік, тәтті түйіп, иттің мойнына байлап жіберетін ырым бар. Әлгі итті балалар қуып жетіп, мойнындағы иткөйлекті шешіп алып, түйілген құрт, ірімшік, тәттіні бөліп жейді. Қырқынан шыққасын иткөйлекті қырық пәледен құтылды деп сәбиге кигізбейді. Иткөйлекті баланың ата-анасы ырым ғып сақтап қояды. Бұл ғұрыптың мәнісі неде, оның астарын қалайша пайымдауға болады? Ит киімі – үстіндегі терісі. Иткөйлек – иттің терісіне трансформация жасалып тұр. Иткөйлек – метафора, табу сөз. Өте ертеде қасқырдың атын тотемдік сенімге байланысты тиымдап, табу ретінде итке ауыстырып айтқан. Иткөйлек – төрүк ұлты мен ұлысы иттен, яки бөріден тараған дегенді білдіреді;

Иткөйлекті иттің мойнына байлау – сәбидің иттік уақыты (жылау, мазасыздану, т.т.) өтті, енді адам қатарына қосылды дегенді пернелеуден туған; итті қуып жетіп, мойнына байланған иткөйлекке түйілген құрт, ірімшік, тәттіні алып, бөліп жеу – ырыс-несібесін жортуылдан табатын, бөріні аяғы асырайтын қасиеті дарысын, жұқсын, себебі, арғы атасы аңыз бойынша ит дегенді меңзейді.

Иткөйлек – аластаудың бір түрі: бала туғанда пәк болады, оған сұқтанатындар көп болады, нәрестенің ауру-сырқау, тіл-көзден аман боп, пәленің бәрі итке көшсін деген ырым.

“Бұл салттың түпкі негізінде осы мерзім ішінде нәрестенің жанын иттің рухы күзетіп, басқа әлемнің өкілдерімен шайқасып жатады деген наным-сенім бар” (Қазақтар мен моңғолдар. “Әдебиет айдыны” газеті, №6 (6) 24.03.2005), – деп жазады “Ит символы және “Ит жейде” салтының семантикасы хақында” Ақеділ Тойшанұлы. Ізденушінің төрүк ұлысының байырғы дүниетанымымен сабақтастырған уәжін растайтын өмірімізде ескіліктің жұқанасы жеткілікті. Айталық, нәрестені босанған соң итаяққа салу ырымы бар. Содан соң күнде қырық қасық су құйып, шара табаққа жуындырады. Дүниеге жаңа келген шақалақты итаяққа шомылдыру ғұрыпын базбіреулер анайы түрде қабылдап, оның астарына тереңірек бойлап, ғылыми негізі барын түйсіне бермейді. Жаңа туған нәресте 13-ке келгенше періште, пәк. Иттің сілекейінің сүйекті ерітіп жіберетін қасиеті бар. Бәлкім, бала ауру-сырқаудан, тіл-көзден аман болсын дегендік. Ит жаласа жара тез жазылып кетеді. Демек, иттің сілекейі – шипа. Жалпы, адам өмірінде сілекейді ем орнына қолданып, денесінің бір жерін жырып, не жарақаттап алған жағдайда дереу сілекей жағу тәжірибеде жиі кездеседі. Бір тәулікте адам жарты литрден екі литрге дейін сілекей бөледі екен. Сырттай қарағанда ол суға ұқсағанмен, 18–35 есе қоймалжың. Сілекей ауыз қуысындағы шырышты қабатты сулап, дәм айыру сезімін күшейтіп, асты тамақтан өткізу үшін бүркеп, дымдайды. Сілекей сонымен қатар ауыз қуысын ұдайы микробтан тазартып тұратын бактерицидтік қызмет атқарады. Міне, осы қасиетіне байланысты болар халық емшілері сырқаттың денесіндегі ауырған орынды уқалағанда сілекейді қолданған. Сілекейдің құрамында түрлі-түрлі көптеген ферменттер бар, сондықтан, ас қорыту қызметі әуелі ауыз қуысында басталып, органикалық қосылыстарды ыдыратады. Шығыс медицинасында сілекейді тіршілік нәрі санап, онда ұзақ өмір сүрудің құпиясы бар деп білген. Адамның органикалық мүшесінің құрамдас бөлшегі ретінде ауыз қуысындағы сілекейдің табиғи қалпын сақтауға мән берген. Бұл отырған жерін беталды түкіріп, айналасын былғайтын, Құдайдың берген тіршілік нәрін ысырап қылып, сөйтіп, қарақан басының салауаттылығына білместіктен нұқсан келтіретін санасы төмен жандарға сабақ болса игі еді. “Итті, итаяқты теппе” дейтін ұлыстық тиымның астарында өмірлік тәжірибеде сыннан өткен осындай негіз бар.   

1816–1888 жылдар аралығында өмір сүрген Мәделі Жүсіпқожаұлы қазақ перзентінің дүниеге келуін суреттеген толғауында:

“...Анамыз итаяққа шомылдырып,

Пәк сумен тазалапты, сылап майға.

Тырбитып жарқанаттың баласындай,

Орапты жабағымен жүні майда...” (Бес ғасыр жырлайды. Бірінші том. А.: Жазушы, 1989, 270-б.), – деп жыр шумағына қосады. Сондай-ақ, 2–5 жасқа дейін тілі шықпай жүрген бүлдіршінге “итаяқтан су ішкізу” ырымы да сақталған. Итаяқтан су ішкен баланың көп ұзамай тілі шығады деген сенім қалыптасқан. Өмірде итаяқтан су ішіп, тілі шыққан бүлдіршіннің елде талай куәсі болдық. Бұл ырым-сырым – ұлт дүниетанымының архаикалық қабатынан хабар беретін этномәдени сарқыны.

 

Ұлыстың Ұлы Күн

Ежелгі төрүк руникалық ескерткіштерінде “іл” лексемасы мемлекет мағынасын білдіреді. Тіліміздегі мемлекет термині арабтан енген кірме сөз. Мәселен, үйсін елі, найман елі, қыпшақ елі дегенде үйсін, найман, қыпшақ руларының мемлекеттік деңгейге көтерілгендігінен ақпарат береді. Дәл осы құбылыс басқа да іргелі руларға тән. Әрине, бұл сол дәуірдің өлшемімен алғанда мемлекеттік биік мәртебеге лайық болатын. Уақыттың, заманның ыңғайымен мемлекеттің қуат-күші өсіп, рулық тұтасу үрдісі конфедерациялық одақ құруға мәжбүрледі. Тіліміздегі “Ұлыстың Ұлы Күні”   төрүк дүниетанымында Теңрілік сенімі бойынша Күн мен Түннің теңескен, тіршілік біткеннің түлеп, табиғаттың ояну шағына дөп келетін жыл басы. Төрүк жұртының арасына кейінгі дәуірде ислам дінінің енуімен “Ұлыстың Ұлы Күні” деудің орнына парсының “наурыз” ұғымының бұқаралық сипат алуына ресми пәрменді ықпал етті. Алайда төрүк тілдес ұлт пен ұлыстардың арасында тек қазақта ғана “Ұлыстың Ұлы Күні” фразеологизмі “наурыз” мағынасында жарыса қолданылып бүгінге жетті.  “Ұлыстың Ұлы Күні” болуының тағы бір себебі, жылдың нақ осы мезетінде ұланғайыр кеңістікті мекендеген арғы тегін көкбөріден тарататын көшпелі рулар дала тағыларындай ұлысып, бір-бірімен мәре-сәре боп табысып, салтанатпен бас қосқан. Ұлысу – көшпелі төрүктерде табысудың ұраны, бірігудің құралы саналған культтік-магиялық сөз. Қазақта әліге дейін Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!, Ұлыстың Ұлы Күні  ұлыс күн деген ұғым сақталып қалған. Біз ерекшелеген тұрақты тіркестің астарына дендеп үңіліп, сырын ұқпайтын баз біреулердің “Ұлыс оң болсын”, “ұлыс күн” дегені несі, “ұлыс” халық сөзінің синонимі емес пе?” деп шатасатындары бар. Осы рулық тұтасудың негізіндегі этноним атауының шығуына байланысты жат жұрттық тарихнама ғылымы жете байыптамағандықтан бұрмаланған ақпарат қалыптастырды. Бұл жөнінде Елдес Омарұлы 1922 жылы Орынборда жарық көрген календарда “Орыс тілінде жазылған тарих кітаптарының айтуынша, һәр рудан бөлініп шығып одақтасқан елге бұрын төрік халқы “қазақ” деп ат қояды екен”, – деп жазды. Ұлысу – бағзықазақ руларының тотемдік ата-тегіне тартқан бірігудің, күш жинаудың стихиясы.

Академик Әлкей Марғұлан: “...Бұл айтқан ерлік дәуірде ру сатысының жоғары құрылысы гректерде “фракия” болса, қазақ қауымында “ұлыс”, одан кейін ұлысқа кіретін рулар. “Ұлыстың ұлы күні” – рулардың жиылып мереке жасайтын күні. Энгельстің ескі грек қоғамы жөнінде айтқанына қарағанда қазақтың үш жүзі “үш ұлысы” “үш фракия” сияқты...” (Марғұлан Әлкей. Ежелгі жыр, аңыздар: Ғылыми-зерттеу мақалалар... А.: Жазушы, 1985, 51-б.), – деген ой топшылауы шындыққа жанасады. Сондықтан тіліміздегінаурыз айының қазақша баламасын тауып, “Наурыз” мейрамын ресми түрде “Ұлыстың Ұлы Күні!” деп өзгертіп, төрүктің бағзы өз атауымен атау – тарихи сананы сауықтыруға жасалар оң қадам болар еді. Қазақ газетінде мынадай мәлімет берілген: “Әз-әз: жаз-иаз дейтін сөзден өзгерген... Мақал: “Әз болмай, жаз болмайды; жаз болмай мәз болмайды”. Сол мақалдағы “әз”-іңіз, март болмай не болады?”, – дейді. Маңғыстау, Ақтөбе қазақтары мартты" амал деп те атайды. Яғни ізденсе наурыз айының байырғы атауы табыларына күмән жоқ.

Көшпелілердің жорықшыл ерлерінің типтік жиынтық бейнесі ХІ ғасырдағы жазба ескерткіште былайша суреттелген:

“Ұлышып ерен бөрлеиү,

Иыртып иақа ұрлаиұ,

Сықрып үні иұрлаиұ

Сығтап көзі өртүлүр...

(Алып Ер Тоңға (Афрасиаб) өліміне күйініп; ерлер бөрідей ұлып, жағаларын жыртып жылап-еңіреді; Үн шығарып жоқтап жырлады; Жылап-сықтаудан көзі көрмей қалды) (М.Қашқари. Түрік сөздігі. Бірінші томы. А., 1997,  225–226-бет.). Жыр шумағын түпнұсқа бойынша сөйлем конструкциясын бұзбай [Бөрідей ерлер ұлысты, Ырылдап жаға жұлысты, Ысқырып үні жырлады, Сығтап көзі өртелді [суалды]”, – деп аударса да мазмұнына еш нұқсан келмейді. Осы мысалдан көшпелі төрүктердің ержүрек ұлдары басына түскен ортақ қайғыны бірдей бөліскен жоқтау ғұрпынан қоғамдасып өмір сүретін бөрілерге тән стихияны байқау қиын емес. Тіліміздегі “ыр>жыр” сөзінің этимологиялық мағынасы о баста ежелгі төрүктердің тотемдік қасқырға айналу ұлыстық культтік мейрамында, яғни Бөрі-Атаға құрмет, идеологиялық рухты санаға сіңіру үшін бөрі терісін жамылып, бөрілерше ырылдау сарынына еліктеуден қалыптасқан. Әдетте ерлі-зайыптылар арасында болатын отбасылық кикілжіңде айтылатын “Ырылдарсың, қаппассың, менен жақсы таппассың” деудің де бөрілік дәуірдегі ата-анасына егіздеуден тілде тұрақтаған образды бейнелеу. Махмұт Қашқари дерегінше, “ұлыш” балаларға еміреніп айтылатын, еркелететін сөз” деуі бауыр етінен жаралған перзентін арғы төрүктердің ұлысуды қасиеттегеннен шендестіріп, қатар атаған. Сонымен, ұлу дегеніміз не?

Ұлу – Дала тағысы, төрт аяқтыда бойына еркіндік пен тектілік дарыған көкжал бөрінің Теңріне сиынуы, Жаратқан Иесіне жалбарынуы, шағынуы;

Ұлу – ұялас жыртқыштардың бірі-біріне жар салған құдіретті де, қасиетті дабыл үні;

Ұлу – қасқырдың аш-тоқтығынан хабар беруі, тамақ іздеуге, төтенше болған оқыс оқиғаға аттандау;

Ұлу – шар болаттай жігер-қайратын жану, бойдағы күш-қуатын шақыру, көздеген ойына жетуге іштей ширығып, дайындық жасауы;

Ұлу – ұялас бөрілердің тірілігін білдіруі; өмір үшін бірлікке шақыруы; қас жауына қарсы алыс-жұлыс күреске үндеуі; дұшпанынан өш алу, кек қайтаруға жұмылдыруы;

Ұлу – көкбөрінің қанын қоздыратын, ен даланы басына көтеретін жауынгерлік жортуыл ұраны; мекен еткен аумағына сырттан енген жат – “шекара бұзушыларға” қарсы сес, отаншылдық сезімнің детонаторы, қозғаушы күші;

Ұлу – көкбөрінің тіршілік үшін басын қатерге тігіп, құрбандыққа шалынғанын зарлы жоқтауы, болашағына алаңдауы;

Ұлу – ұлы сезім. Қобызшы көкбөрінің ұлығанын қобыз шанағынан үілдете шебер орындайтыны сондай, Теңріге үнін қосқан, көкбөрінің Есімен тілдескен ғажайып сәт құлақтан кіріп жұлын-жүйкеңді шымырлатады. Және бұл ұлу ұғымының мағынасынан “биіктеу, шырқау, асқақтау”, “Теңрімен тілдесу” дегенді аңғартатын семалық реңкі, ақпараттық жүгі бар, яғни Көкке көтерілу, Ғарышпен арадағы байланыс.

“Адасқан күшік секілді,//Ұлып жұртқа қайтқан ой...” (Абай). Демек, ұлу – шартты белгі беру арқылы табысу. Алайда, қазақ иттің ұлығанын жаманшылыққа жорып, “өзіңнің қара басыңа көрінсін!”, “жаманшылығың өзіңе болғыр, жақсылығың бізге болғыр!” деп, лезде тіксініп, жақтырмай қалады. Өйткені архетип әлемінде ит табиғаты екі дүниенің арасындағы дәнекерші, яғни бұ дүниеден о дүниеге сапар шегетін шыбын жанды жетелеуші. Жеті қазынаның бірі саналатын оның инстинкі адамның көруі мен есту қабілетінен әлденеше есе жоғары. Иттің сақ құлақ, сергек жаратылысы ғаламшардың дыбыс диапазоны сан алуан тербеліс, толқындарындағы ақпаратты қабылдап, өзіне тартып алу биолокациялық ерекше мүмкіндігіне ие. Сондықтан иттің үруі мен арсылдауынан, қыңсылауы мен шәуілдеуінен, абалауы мен ұлуынан адамдар тылсым дүниенің сиқыр құпиясын күні бұрын айырып білген. “Бір жолы”, – дейді психологиялық әмбебап зерттеу жазған Эстес Кларисса Пинкола, – “мен Сан-Францискодағы жаратылыстану музейінде арнайы орнатылған микрофондар және дыбысын құлаққа дәл келтіретін қондырғылармен жарақталған иттің есту қабілетін имитация жасаған камерада болдым. Пальма жапырағының желге сыбдырындай оның дыбысы қатты естілді. Дыбыстың жақындағаны сондай, менің құлағымда біреу миллион қапшық жүгерінің қабыршағын таптап тұрғандай әсерде қалдырды. Ит әлемі ұдайы құлақ тұндырар дыбыс симфониясына толы болады, ондай дыбысты біздер, адамдар, мүлдем естімейміз. Есесіне төбеттің сақ құлағы естиді” (Бегущая с волками. Женский архетип в мифах и сказаниях. Пер. с англ. – М.: Издательский дом “София”, 2006. С.127).

Ит тұқымының арасында өте сезімталдығын сыртқы бейнесі арқылы танытып тұратындығы халық тәжірибесінде әбден сыннан өткен. “Қазақта “төрт көз сары аяқ” көздерінің алдында екі ақ дағы, аяғы сарғыш болса қандай асыл тұқымды иттің күшігі болса да, үйге ауыртпалық, қиыншылық әкеледі деп асырамайтын. “Двоеглазка” деп орыстар да, “дөрткузди ит” деп Хорезм өзбектері де үйде ұстамаған” (Ит – жеті қазынаның бірі // Тоқтабай А., Сейтқұлова Ж. Төрт түліктің қасиеті. – А., 2005, 168–169-беттер). Мұндай ит тұқымын Теңрінің емеурін жасап, әдейі “төрт көз” ғып жаратуы ерекше сезімталдығын  білдіруі болар. Бұл адамдарға Жаратқан Ие жіберген дүниенің тылсым сырын  қылығымен жеткізетін “хабаршысы”. Ит жеті қат жердің тынысын біліп, зілзала дүмпуіне себепші алғышарт факторлардың басталуын бірден сезеді, жаманатты күн ілгері қоршаған айналасына қыңсылап, мазасызданып үріп, ұлып естіртеді; немесе табиғи катаклизм, апаттарды, тіпті иесінің басына түсетін ауыр қайғы-қасіретті алдын ала түйсінетін қабілетіне байланысты ұлуы да ықтимал. Бәлкім, бұл қазақтың азалы жоқтау, қаралы дауыстау рәсімін еске түсіретіндіктен жаман ырымға балауы да ғажап емес!? Егер байыптап, мән беріп, көңіл аударған жанға ит болсын, қасқыр болсын ұлығанда әбден орнықты жайғасып, шоқиып отырып, сосын өзіне ғана тән мұңлы әуенге салады. Тілін білгенге төрт аяқтылар арасында қасқырдан  ақылды хайуан жоқ. Қасқырдың ұлуы іштегі құсасы мен шерін тарқатып, сыртқа шығарып, Жаратқан Иесіне шағынғаны, сол арқылы дүр сілкініп, күш алып, қайрат шақырғаны.

Бір таң қаларлығы, тас қараңғы түнде көкжал көзінің қарашығы шырадай жанып, жердегі бүтін тарының жартысын көреді. Инстинк қабілетінің дамығандығы сондай, сауысқаннан сақ қандыауыз желді қуалап болашақ жемтігін исінен ажыратып, қапысын тауып, қолайлы сәтті қалт жібермейді.

Аңшылар арасында қасқырды қақпанмен аулау әдісі кең тараған. Алайда жемтік тастаған жерде металдың көмілгендігін әккі бөрілер исінен сезіп қояды. Сондықтан кәнігі аңшылар жусан исін қақпанға сіңіру үшін екеуін қосып суға әбден қайнатады..

 “Қасқыр қырағы, қағілез, сергек, ақылды аң болғанымен қатар... иісті сезуге бейімделген сезімтал болып келеді... Ол бір таудан бір таудағы, қырдан өзендегі жейтін жемін, аңын, малын иісінен сезіп, оларға шабуыл жасайды. Апанындағы бөлтіріктерінен айырылған қаншық, арлан қасқырлар оларды алып кеткен кісінің ізіне түсіп, оның қай жерге барғанын ізі иісінен немесе ауадағы иіс сілемімен іздеп барады. Осылай бөлтірігін алған ауыл малына шауып “ойрандаған” қасқыр қылығы өмірде көптеп кездеседі” (Кәмәлашұлы Б. Қазақ халқының салт-дәстүрлерінен. Өлгий, 2004, 43-б.). Бөрінің қыр-сырына әбден қанық көшпелі төрүктер оның осы қайсарлығы мен мәрт мінезіне еліктеп, өздеріне үлгі етті. Аштыққа шыдаса да, таяққа үйренбейтін, жаттықтырып, баулығанға, қолға үйреткенге еш көнбейтін, табиғаты бірбеткей жыртқышты пір тұтты. Төрткүл дүниеге жауынгерлік батырлығымен даңқы шыққан төрүктердердің табиғи болмысын зерттеу – әлемдік билікке ұмтылған супердержавалардың күн тәртібінде тұрған стратегиялық маңызы зор мәселе. Осы тұрғыдан Америкада ұялас бөрілердің өмір сүру дағдысын үш жыл бойы ғарыштан бақылап, киноға түсіруде үлкен гәп бар.

Көктөрүктер дәуірінен жеткен мүсінтастардың бір парасы − бөрітастар. Бөрітас қоюдың себебі неде? Ол бөрітастардың астында не бар екені археологиялық жағынан анықталды ма? Бұл сұрақтарға әзірге тиянақты жауап бере қою оңай емес. Бірақ үзілді-кесілді қорытынды жасамағанмен қисынды ой топшылауға негіз бар.

Бөрітас − көк төрүктердің тотемдік Жаратушысын дәріптеуден туған идеологиясы. Өйткені бір ғана бөрітас болса кездейсоқтық дер едік, ал мұндай мүсінтастардың бұғытас, қойтас сияқты төрүк қағанаты аумағында жалпы сипат алуы тұтас жүйеге бағынған бөрі культін аңғартады.

Бәлкім, көшпелі төрүктердің иелігіндегі малына шабуыл жасап, қырып қоймаған соң, шарасыздан көзін құртқан жыртқыштың тотемдік киесінен кешірім сұрап бөрітас орнату ғұрыпқа айналған болар!?  

Бағзы төрүктерде сақталған бөрітас қою дәстүрі − сайын Даланың есі көкбөрі деген сенімнен қалыптасу мүмкіндігін де біздіңше, жоққа шығармайды.

“Жаяу қойшы − жатқан қойшы; өгізді қойшы − өлген қойшы; түйелі қойшы − тұрған қойшы; атты қойшы − ашуы қатты қойшы”, − дейтін ел аузындағы тәмсіл − көшпелі қазақтың бейқамдығын аңдыған басты бәсекелесі дала тағысы бөрінің ақылдылығын танытады. Осы психологиялық баға да көшпелілердің шаруашылық кәсібі мен азаматтық белсенділігі ұдайы сергек болуын мәжбүрлеген даланың қоғамдық-әлеуметтік тыныс-тіршілігі сипатталған.  

Ит − адамның есі, сенімді серігі.

Ит − достыққа берік. Ойымызды өмірде болған оқиға желісімен сабақтастырсақ. Орыстың әйгілі жазушысы Ф.М. Достоевский Омбыда айдауда болады. Тұтқынның қай бір жағдайы оңған дейсің көңілі құлазып, ауыр жұмыстан қажыған шақта жанына жақын сыр бөлісетін серікті аңсайды. Сөйтіп жүргенде жақын арадағы қазақ ауылының қаңғыған бір бұралқы ит пайда болады. Жазушы әлгі итке ішкен тамағының қалдығын беріп, әйтеуір екеуі бір-біріне ес болып, әбден үйренісіп кетеді.

Бір жолы Федор Михайлович сырқаттанып абақтының ауруханасына түседі. Аурухана дәрігері жазушыға ықыласы ауып тұрады екен. Осы кезде бір жақта оба ауруы шығып, оған қарсы күрес жүргізу үшін Омбының әкімдері жолға аттанғанда түрменің дәрігерін де ала кетеді. Дәрігер Федор Михайловичке үш сом тастайды. Оның жанында түсі суық тұтқын жатады. Ол уақытта үш сом көп ақша. Абақтының санитарымен ым-жымы бір қылмыскер әлгі ақшаны алу үшін әрекет жасайды. Достоевскийдің ауырып жатқанын сылтауратып, оған у қосқан сүт кеспе әкеліп жанындағы үстел үстіне қояды. Дәл осы сәт ашық қалған есіктен ит жүгіріп кіріп тұмсығымен сүт кеспе құйылған ыдысты аударып төгіп, жалап-жұқтап ішіп қояды. Дереу санитар жүгіріп келіп, итті желкесінен сүйреп тысқа шығарады. Көп ұзамай ит уланған кеспеден өліп қалады. Сөйтіп, орыстың ұлы жазушысын тікелей келген ажал құрсауынан қазақтың иті аман алып қалған екен.

Міне, осы бір оқиғаны Ф.М. Достоевскиймен бірге айдауда болған поляк Шимон Токаржевский естелігінде егжей-тегжейін жазып қалдырғанын 1936 жылғы “Звенья” журналының №6 санынан оқығанын Жайық Бектұров “Ақиқаты осы еді...” атты кітапшасында баяндап берген.

Иттің қазақ өмірінде алатын орны Талас өзені бойынан табылған ежелгі тасқа бәдізделген ескерткіштерден таныс. Бесінші Усын (Талас) ескерткішіндегі мәтінде ит сөзі екі рет қайталанып,  қымбат қазына, асыл сый мағынасында қолданылған. Жұмыр тасқа оратылып жазылған мәтіннің үшінші жолына назар аударалық:   

І (а) ИТ БеРТі (а) аҒҰМ аТЫН еГЛІ ҚҰЛ БеРТі (а), − деп транскрициялап

, “Сый берді асыл текті, иілген құл берді…”, − деп аударған Т. Досанов “ит” лексемасының ауыспалы мағынада жұмсалған метафора екендігін анықтаған. Ол: “Жазбаның мәтінінде қаза болған адамның аты сақталмай өшіріліп қалған. Дегенмен, ол қайтыс болған соң ағайындары әйеліне асыл сый беріп қиын жағдайда қол ұшын бергені хабарланады. Асыл сыйды Ит деп атауы таңғаларлық нәрсе. ...ол біріншіден, есін қорғаушы. Яғни, үй қожайыны бұл дүниеден біржола кеткен соң, оның ессіз қалған әйелін, отбасын, абыройын, атағын қорғайтын Ит − Асыл сый (алтын, күміс). Осы себептен ескерткіштің иелері усын-қазақтар ессіз қалған отбасына алтын, күміс беріп бай, бар қылып осы метафоралық Итке абыройын қорғатып қояды. Ит сөзі сый мағынасында қолданылғаны туралы және де деректер бар. Мәселен, құдалардың екі жақ бір-біріне беретін сыйларын қазақ еКі+ИТ, яғни КИТ деп атайды” (Көне түркі жазба ескерткіштері: жазу мәдениетінің бастаулары, тілдің даму құбылыстары. − А., 2005, 147-б.). Демек, бұған дейін этимологиясын анықтай алмай келген “кит” этнографизмінің мағынасы итпен байланысты екендігі төлтума руникалық мұрамызда сақталған. Сондықтан ұлттық идеологиямыздың тамырын іздеген жанның тіліміздің терең қабаты руникалық ескерткіштерден табарына күмән жоқ.     

Қасқырдың ұлуын кие тұтып, бөріге дыбыстық еліктеуден тілімізде ұлу, ұлы, ұлыт [ұлт], ұлыс, ұлығ//ылығ > ұлық, ұлықта, т.т. дербес мағыналы ұялас сөздердің туына себеп болды. Мысалы: “Қатта латын әліббиі ұлылы-кішілі әріптерімен алынса түрік әліббиі үйрету жағынан да артық болады. Түрік әліббиі дараланған шақта латын әліббиі ұлы әріпсіз болған шақта, екеуі саралық жағынан да үйретуге жеңілдік жағынан да теңеледі” (Қазақ білімпаздарының тұңғыш сіиезі. Орынбор, 1925); “Тәшкендегі ұлы үністеттің қазақ тілі кәбинеті сол жолға түсіб отыр, қазақ тілі кәбинетінде қазақша дыбыстар дыбыс жүйесінің жалпы жолы мен тексерілмек...” (Елдес Омарұлы. Қазақ тілінің дыбыстары. Алматы, 1927 ж.); Әлімхан Ермекұлының “Ұлы математика курсы” (1935 ж.) оқулығы. Осы контекстегі ұлылы-кішілі үлкенді-кішілі, ұлы әріпбас әріп, ұлы үністет  жоғары үністет, ұлы математикажоғары математика мағыналарында жұмсалып тұр. Бірақ осы мысалдардағы ұлы сөзінің мағыналық реңкі бүгінгі тілдік қолданыстан  шығып қалды. Алайда тіліміздегі мақал-мәтел, тұрақты сөз тіркестерінде әлгі мағынасы сол күйінде сақталып қалды. Ұлы сөздің ұяттығы жоқ; Ұлық болсаң, кішік бол; Өзін өзі ұлықтаған кіші болар, Өзін өзі кішіктеген ұлық болар; Ұлы жүз. Осы арада бір тілден екінші тілге енген сөздің лексикалық тұлғалық ерекшелігін сақтап, кері ауысу үрдісі тәжірибе жүзінде сирек те болса кездесетін құбылыс екендігіне тоқталалық. Мәселен, “Мәз болады болысың // Арқаға ұлық қаққанға. // Шелтірейтіп орысың // Шенді-шекпен жапқанға (Абай). Данышпан ақынның өлең жолындағы “болыс”, “ұлық” лексемасының түпкі шығу тегі бір ұялас сөздер екендігіне кім сенеді. Тілдің тірі организм екендігін нақ осы деректі талдау арқылы анық аңғарамыз. Шығу төркіні бір түбірлес сөздің эволюциялық даму сипаты барысында пішіндік тұлғасы да, мағыналық семасы да дербестеніп, мүлдем екі бөлек дара лексемаға айналғандығына көзіміз жетеді. О баста тіліміздегі төл ұлыс сөзі славян тілдерінің дыбыстық жүйесіне сәйкес “влусъ” болып лексикалық қорына енген. Славян тіліндегі қолданыста “ұлыс” сөзінің тұлғалық нұсқасы “улус”, “волос” дербестеліп, жеке-жеке лексикалық мағына үстеген. Көршілес славян тілдеріне төрүк элементтерінің алғаш енуін зерттеушілер “ұлыс” сөзінің XV ғасырдың екінші жартысында қолданысқа түскендігінен мәлімет береді: “улусъ (влусъ) “татарское селение” [славяндар орта ғасырда қазақтарды да татар деген – А.Мек.]: “вси люди его и вълусы побрали” (КЗ – Литовская метрика. Книги записей. – РИБ, т. XXVII. СПб., 1910. С. 340.) (Журавский А.И. Лексика тюркского происхождения в старобелорусском языке); улусъ // влусъ – влусный: “влусные люди” (КП – Книга посольская метрики Великого княжества Литовского, т. І–ІІ. М., 1843. С. 22.) (Булыко А.Н. Освоение старобелорусским языком тюркизмов на словообразовательном уровне). (Тюркизмы в восточно-славянских языках. М.: Наука, 1974. С. 87; 101.). Өкініштісі, бұған дейін зерттеушілер патша өкіметінің әкімшілік жүйесіндегі жергілікті буынның атауы “волостное управление”, “волостной управитель” дегеннің қазақыланған баламасы “болыс”, яғни қазақтың “өз сөзіндей” жалпыхалықтық тілге сіңісіп кеткен деп келді. Ұлыс сөзін славяндар өз тілінің акустикалық-артикуляциялық дыбыстық ерекшелігіне сәйкес икемдеп “улысъ > въяс > волус > волосной” деп алса, ал, қазақ тіліне кері енгенде әлгі сөз мағыналық дифференцацияға ұшырап, болыс > болыстық дегендегідей қоғамдық-саяси жаңа ұғымды білдіретін терминге айналды. Сондай-ақ, Абай заманында “улус // волос” сөзі термин ретінде қоғамдық-саяси мәнге иеленіп, тілдік белсенді қолданысқа түсіп, патшалы Ресейдің Қазақ Даласындағы әкімшілік-билік, иерархиялық атауын білдірді.           

Демек, ұлысу, яки ұлу тек құлағы сақ, көзі қырағы бөрілерге ғана тән шұғыл түрде күш жұмылдырудың кодпен хабарлау белгісі, қасиетті дабыл ұраны. Ұлыс, яки ұлыт ұғымы қаз+сақ [тиымдалған ит+құс], яғни қазақтың тотемдік ататегіне дыбыстық еліктеуден қалыптасқан рулық-этникалық одақтасуының тілінде таңбаланып қалған қоғамдық-әлеуметтік мағынасы. Ұлыт сөзінде жортқанда жолы болған дала бөрілерінің ғасырлар тұңғиығынан құмығып жеткен атойлаған үні жаңғырығады. Сол жаңғырық күн өткен сайын жақындай түскендей сезіледі. Қаз+Cақ ұлыты Жаратқанның жіберген не түрлі сынына шыдап, қаншама қырғынды басынан кешсе де, қан тамырында бар рух күші қалғып кеткен ар-намысын қайтадан дүр сілкінтіп оятқандай әсерде қалдырады...

*     *     *

Лайым, қаз+сақ → қазақ ұлытын көкбөрінің рухы желеп-жебегей!..

 

  

                                         

* “Игорь полкі туралы жырда” boz немесе bus kurt “серый волк” (“көкбөрі”). (Гордлевский. Избранные сочинения, т. ІІ. М.,1961. С. 486.).

2 Қырғыздар (Қазақтар) монғолдардың бірқалыпты әндетуін мынадай аңызбен түсіндіреді: Монғолдар қазақтардың жақсы ән сала білетінін естіп, осы өнерді өздеріне қабылдап алғысы келеді.


Олар өздері білетін қазақ ауылы қоныстанған жерге сол мақсатпен әдейі аттанады. Бірақ дәл осы кезде ауыл әлгі жерден көшіп кетіп, көш соңынан ере алмай, жұрт орнында қалып қойған бір кәрі ит аштықтан ұлиды екен. Монғолдар мұны қазақтардың ән салғанына балап, иттен үйреніпті. Осыдан олардың ән әуені иттің ұлуына ұқсайды. Ф.Иакинф. Собрание сведен. О народ. Средн. Азии. Ч.І. Стр, 248.

3 Бартольд В.В. О письменности у хазар // Культура и письменность Востока. Т. 14. Баку, 1929. С. 17.

4 Артамонов М.И. Надписи на баклажках Новочеркасского музея и на камнях Маяцкого городище // СА. 1954. Вып. 19. С. 263.

5 Щербак А.М. Несколько слов о приемах чтения рунических надписей, найденных на Дону // СА. 1954. Вып. 19. С. 269.

6 Howorth. The Khazars. P. 127, f.v.; Gombocz Z. Die bulgarisch-turkischen Lehnworter inUngarischen Sprache//Memoires de Ia Societe Finno-Ougrienne. VoI. 30. HeIsinki, 1912. P.198; Zajaczkowski. Ze studiow. P. 25-26; Duniop. The History. P.4.

7 Проблемы древней истории и этногенеза Южного Казахстана. С. 60.


EMBED Photoshop.Image.5 \s

EMBED Photoshop.Image.5 \s

EMBED Photoshop.Image.5 \s

EMBED Photoshop.Image.5 \s

EMBED Photoshop.Image.5 \s


Диплом на заказ


1. Закон, живущий в нас, называется совестью
2. РЕФЕРАТ дисертації на здобуття наукового ступеня кандидата юридичних наук Харків ~2
3. Производство заготовок осуществляется двумя методами метод пластической деформации; метод литья
4. Станция ТО и ремонта автомобилей для Льговского р-на Курской обл
5. Как он реагирует на других детей- ищет контакт устанавливает контакт без затруднений он держитс.html
6. Менеджмент организации Москва 2004 УДК 65
7. 07.2006 г. свидетельство СРО АИИС 01И 1294 от 19
8. Федору Алексеевичу
9. хозяйственных мероприятий по наиболее рациональному упорядоченному применению удобрений в целях увеличен
10. Реферат- Фёдор Александрович Абрамов
11. ПО ТЕМЕ- УЧЕТ ДЕНЕЖНЫХ СРЕДСТВ ВЫПОЛНЯЛАСЬ ПО МАТЕРИАЛАМ ОАО УНИВЕРСАМ НА КРАСНОЙ ПЛОЩАДИ
12. Курсовой проект ПРОЕКТИРОВАНИЕ И РАСЧЕТ ТРАССЫ РРЛ Альбом МЕ 72
13. Авиабилетов страховых полисов ваучеров справки на вывоз наличной валюты при необходимости водитель
14. Тема 2.1 Идеализм Платона Вопросы 1
15. Сучасний стан транспортного флоту України
16. Мораль иудаизма
17. Элементы и компоненты гибридных интегральных микросхем 1
18.  2012 р.Протокол від 2012 р
19.  SPORT ND ITS DEVELOPMENT IN THE US 4 1
20. Капсюльдетонатор КД ~ небольшой заряд чувствительных инициирующих веществ размещенный в металлической